«ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының тапсырмасымен «Жолаушылар тасымалы» АҚ-тың арнайы тексеру топтары жолаушылар пойыздарында күн сайын рейдтік тексерулер жүргізіп келеді, деп хабарлайды Rail-news.kz.

Мақсат — жолаушыларды, багажды және жүк-багажды теміржол көлігімен тасымалдау қағидалары мен тасымалдаушының ішкі регламенттерін бұзу фактілерін анықтау және жолын кесу.

Жаз маусымы басталғалы комиссия шамамен 140 ереже бұзушылықты тіркеді. Оның ішінде билетсіз жол жүрудің 6 дерегі және рәсімделмеген 135 килограмм багаж тасымалдау фактілері бар.

Билетсіз жол жүру жағдайлары «Алматы — Жезқазған», «Қызылорда — Семей», «Өскемен — Алматы», «Астана — Жезқазған», «Ақтоғай — Аягөз» және «Астана — Көкшетау» бағыттардағы пойыздарда анықталды.

Тексеріс қорытындысы бойынша жауапты қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Рейдтер жүйелі түрде барлық бағыттарда жалғаса береді.