Қырағы өткел кезекшісі
Қызылорда облысы бойынша меншікті тілші
Теміржолдың тынысы сырт қараған адамға бірқалыпты. Күнде қайталанып жатқан көріністер: пойыздар өз кестесімен қозғалып, семафорлар белгі береді, қос рельс бойымен ұзын-сонар құрамдар зулап өтіп жатады. Бірақ осы қалыпты қозғалыстың артында әр секундты, әр белгіні жіті қадағалап бақылайтын теміржолшының ерен еңбегі тұр.
Қызылорда жол дистанциясының өткел кезекшісі Дәурен Бектұрғановтың қырағылығы мен кәсіби міндетіне адалдығы қауіпті жағдайдың алдын алуға мүмкіндік берді. Жаңақорған – Жетітөбе станциялары аралығындағы 3000-шақырымның 6-пикетіндегі теміржол өткелінің кезекшісі әдеттегідей кезекшілікте тұрған. Кешкісін өткелден өтіп бара жатқан кезекті пойыз құрамын бақылап тұрып, вагондардың біріндегі қалыптан тыс жағдайды бірден байқайды. Құрамның бас жағындағы вагоннан жүктің шашылып келе жатқанын көзі шалып қалады да дереу тиісті инстанцияларға хабар береді. Шұғыл тоқтатылған пойыз құрамындағы вагонға тексеру жүргізіліп, мәселенің мән-жайы анықтала бастайды.

Түркістан – Шиелі учаскесімен қозғалған пойыз Шиелі станциясының 11-жолына сағат 21:05-те келіп тоқтайды. Құрам 70 вагоннан және жалпы салмағы 3188 тонна жүктен тұрған.Тексеру барысында №58771718 вагонның люгі ашық қалғаны анықталған. Вагонда фосфорит жүгі болған.
Ең маңыздысы, құжатта көрсетілген үш пломбаның үшеуі де орнында болған. Дегенмен теміржолшылар вагондағы жағдайға салғырт қарамай, қауіпсіздік талаптарына сәйкес тиісті шара қабылдайды. Жауапты мамандардың тексеріп саралауынан кейін сағат 21:40-та вагон пойыз құрамынан ағытылады. Осылайша бір қарағанда көзге түсе бермейтін жағдай уақытында анықталып, мәселенің әрі қарай күрделенуіне жол берілмей, жүктің діттеген нүктесіне аман жетуіне жағдай жасалды.
Теміржолдағы жауапкершілік пойыздың қозғалысымен ғана шектелмейді. Рельс үстімен мыңдаған тонна жүк те, жолаушы да қозғалады. Оның әрқайсысының артында өндіріс орнының миллиондаған қаржысы мен еңбегі, адамдардың сенімі жатыр. Бұл жолы да вагонмен жай ғана жүк емес, аса маңызды фосфорит жүгі тасымалданған. «Еврохим-Қаратау» ЖШС өнімі Жаңатас станциясынан тиеліп, «ХимАгроПром» ЖШҚ-не жөнелтілген екен.
– Жүктің бүтіндігі мен сақталуы – тек теміржолшылардың ғана емес, тұтас тасымал үдерісіне қатысушылардың ортақ жауапкершілігі. Өз жұмысына немқұрайлы қарамай функционалдық міндетін нақты, сақ әрі дер кезінде атқара білген Дәурен Бектұрғанов – сол жауапкершілікті арқалаған бір кәсіп иесі. Жалпы, қырағылық дегеніміз – тек айналаға қарап тұру емес. Қырағылық – қалыпты жағдай мен қалыптан тыс жағдайдың айырмашылығын дер кезінде аңғару. Ал оны дер кезінде аңғару үшін өз кәсібіңді жақсы меңгеріп, жауапкершілікті сезінуің керек, – дейді Қызылорда жол дистанциясының бас инженері Ахметқали Елеусінов.