Жамбыл қалпына келтіру пойызы жаңа техникамен толықты

Аймақтар
16.03.2026, 11:39
Ардақ Үсейінова

"Қазақстан теміржолшысы" газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі

Жамбыл қалпына келтіру пойызының техникалық құрамы биыл «CHETRA» Т-35 бульдозерімен толықты. Су жаңа бульдозердің техникалық мүмкіндіктерін сынақтан өткізіп те үлгерді. «Жақсыны көрмек үшін» демекші, қуатты техниканы көзбен көріп, қолмен ұстап, артықшылықтарымен танысу үшін базаға жол тарттық.    

Жамбыл қалпына келтіру пойызының базасы Тараз станциясында орналасқан. Құрылым  шығысында – «Луговой рельс зауыты» кәсіпорнына дейінгі, батысында –  Жаңатас, оңтүстік-батысында Түлкібасқа дейінгі аймаққа қызмет көрсетеді.

Теміржол учаскелеріндегі төтенше жағдайларды, апаттарды жою және пойыздардың рельстен шығып кету оқиғаларында жедел көмекке жететін қалпына келтіру пойызының базасына қашан келсеңіз де, барлық техникалық құрам ашық вагондарға тиеліп, сақадай-сай дайын тұрады. Бүгін тек техникалар ғана емес, кезекті ауысымға түскен мамандардың даярлығы пысықталып, күнделікті техникалық-нұсқау сабағы өткізіліп жатыр екен. Қырық жылдық тәжірибесі бар гидропневматика шебері Сембек Кәрімбаев пен ХЕШ, крандар мен машиналарға жауапты шебер Ернар Айдарбеков кран, бульдозер жүргізушілері мен көмекшілеріне, дәнекерлеушілер мен жүк ілдірушілерге апатты жағдай кезінде нұсқауға сай орындалатын нормативтердің уақыты мен ереже-талаптарды тағы қайталауда.    

Жамбыл қалпына келтіру пойызының бастығы Махат Байдалиев техникалық сағатты өткізудің қажеттілігін түсіндіріп берді: «Шақырту түскен кезде құрам базаға 20 минутта жиналып, 40 минуттың ішінде қалпына келтіру пойызы толық жасақталып, станциядан жолға шығып кетуі тиіс. Талап сондай. Кездейсоқ апаттан сақтасын, дегенмен, мұндай жағдайда біз оқиға орнына тез жетіп, шойын жолды жедел ашуымыз керек. Мұндай жағдайда бірінші кезекте, әрине төтенше жағдайлар қызметінің құрамы секілді физикалық дайындық қажет. Сонымен қатар әрбір маман арнайы бекітілген нормативтер мен нұсқаулықтарды білуі аса маңызды. Онда электровоздар мен тепловоздарды, вагондарды қанша уақытта көтеріп, жолды ашу керектігі көрсетілген. Мысалы, вагондардан бульдозер, трактор, крандарымызды 20 минутта түсіріп, қайта 22 минутта тиеп үлгеруіміз керек. Апта сайын өткізетін сабақта осы ереже-талаптарды еске салып, сынақ аламыз».

Махат Аярбекұлы біз үшін қалпына келтіру пойызы базасына экскурсия жасап, жұмыс процесі қалай жүретінін кезекші отыратын бөлмеден бастап көрсетіп, түсіндіріп берді. Айталық, шақырту түскенде кезекші нұсқауға сәйкес басшыдан бастап, негізгі құрамға кезекпен хабарлап шығады екен. Ал екінші желі арқылы техникалық құрамның дайындығын пысықтайды.  

Кезекші бөлмесінде жайлы жұмысқа жағдай жасалған, қысқатолқынды пеш, телевизор, телефон, байланыс жүйесі – бәрі қамтамасыз етілген. Кеңседе жұмысшыларға арналған демалыс аймағы да бар екен. Онда құрам бір мезгіл үстел теннисі, шахмат ойнап ой сергіте алады. Тағы бір бөлме су киімдерді кептіріп, жұмыстан кейін жуынатын душы бар санитарлық торап ретінде жабықталған.  

Бұдан соң ашық вагондарға тиелген техникалармен таныстық. Қалпына келтіру пойызына 2002 жылы жұмысқа қабылданғаннан бастап, 10 жыл шебер, үш жыл бастықтың орынбасары, 2014 жылдан бері басшылық қызметті атқарып келе жатқан Махат Байдалиев қай техниканың қуаты қанша, кран, бульдозермен қалай жұмыс істейтінін тәптіштеп түсіндірді.    

– Қалпына келтіру пойызының жабық вагоны – құрамның тамақтанатын, киім ауыстыратын жатын орны. Шақырту түскенде алдымен осы вагон тіркеледі. Техникалық базамызда 100 тоннаға дейінгі электровоздарды көтере алатын 125 тонналық немістің ЕДК-1000/2 және 60 тоннадан басталатын вагондарды, тепловоздарды көтеретін екі кран, екі трактор, үш машина бар. Әр кранда екі машинист, олардың екі-екіден көмекшісі болады. Жалпы дәнекерлеушілеріміз, машина және бульдозер жүргізушілері, жүк ілдірушілер, жолсеріктерімізді қосқанда 29 адам жұмыс істейді.

ЕДК-1000/2  кранының екі жебесі екі жаққа қарап тұрады. Апат болған жерге барғанда рельстен шығып немесе аударылған вагонға қай жебені бұрып жұмыс істеген ыңғайлы, соны іске қосамыз. Біз барғанша электрмен жабдықтау дистанциясының мамандары бағандардағы тоқты залалсыздандырып, ашып қояды. Бірақ бұл жұмыс ұзақ уақыт алатындықтан, немістің ХЕШ құрылғысын қолданып, крансыз көтеруге тырысамыз. Апат кезінде жолды аршуға бульдозерлерді қолданамыз. Биыл жаңа жылда алған CHETRA-ның қуаты жоғары. Техникалық артықшылықтары да көп, – деді Махат Аярбекұлы.

– «CHETRA» Т-35 бульдозерін 10 жылдан бері машинист болып жұмыс істеп келе жатқан Асылбек Сәрсембаев тізгіндепті. Айтуынша, жаңа техниканың мүмкіндіктері көп. «Жүктеме кезінде жылдамдықты тез ауыстыра аламыз. Алға-артқа жүруге арналған үш жылдамдық режимі бар. Қуаттылығы жоғары. Кабинада машинистке қолайлы жағдай қамтамасыз етілген. Кондиционер, кішігірім мұздатқышы бар, сондай жайлы, – деп түсіндірді машинист.

Екінші бульдозердің машинисі Серік Қарабеков, кран жүргізушісі Асхат Сәрсембаев өздері тізгіндеген техникалардың қандай қызмет атқаратынын, ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін айтып берді.

Тәртіп пен үлкен жауапкершілікті, әскери дайындықты талап ететін қалпына келтіру пойызының құрамы әр үш ай сайын үлкен оқу-жаттығу жиынында сынақ тапсырып тұрады. Ай сайын базада өтетін техникалық жаттығу тағы бар. Шақырту кезінде де, жаттығулар уақытында да әрбірі қауіпсіздік талаптарын сақтауы тиіс.  

Бірінші кезекте – еңбек қауіпсіздігі. Өндірістік және электр қауіпсіздігін сақтаудағы нұсқаулар да бұлжытпай орындалуы тиіс. Олар естен шықпауы үшін осы үш бағытта мамандар әр жыл сайын Тараз көліктегі оқу орталығында үш күндік оқуға жіберіледі. Оқып қана қоймай, сынақ тапсырып, арнайы куәлік алмайынша, өндіріске оралуға жол жоқ.

 

Жаңалықтар
17.08.2026
Балалар лагерінде темір жолдағы қауіпсіздік бойынша профилактикалық іс-шара өтті
Спорт
17.08.2026
Теміржолшы пара-пауэрлифтингтен Қазақстан чемпионатында күміс алды
Әлемде
17.08.2026
Қауыннан жасалған «пойыз»
Жүк тасымалы / Апта саны
17.08.2026
ҚТЖ желісімен 184 млн тоннадан астам жүк тасымалданды
Әлемде
17.08.2026
Литваға 12 жаңа Stadler Flirt пойызы жеткізілді
Жаңалықтар
17.08.2026
Алматы облысында жаңа логистикалық орталық ашылды
Жаңалықтар
15.08.2026
ҚТЖ Басқарма төрағасы Алматы өңірінің темір жол инфрақұрылымының негізгі нысандарын аралады
Қауіпсіздік
14.08.2026
Сексеуіл мен Аралда ауқымды рейд өтті
Жаңалықтар
14.08.2026
Теміржолшылар Құрылтай сайлауының маңызын талқылады
ҚТЖ келбеті
14.08.2026
«Алтын кітапқа» арқау болған теміржолшы
Инфрақұрылым
14.08.2026
Орта дәліз кәсіподағын дамыту – ортақ міндет
Жаңалықтар
14.08.2026
Арнайы пойыз жолға шықты
Әлеумет
14.08.2026
Жаз қызығы жалғасуда
Спорт
14.08.2026
Маңғыстауда аңызға айналған теміржолшы Сағынай Қошқарбаевтың мерейтойына орай турнир өтті
Спорт
14.08.2026
Шу станциясында теміржолшылар арасында тораптық жарыс өтті
Жаңалықтар
14.08.2026
ҚТЖ Басқарма төрағасы электр орталықтандыру маневрлік бекетінде болып, Астана-1 вокзалының құрылыс барысымен танысты
Жаңалықтар / Мұрағат
14.08.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №64 14 тамыз 2026 жыл
Жаңалықтар
13.08.2026
Жыл басынан бері ҚТЖ-ның локомотив паркі 146 заманауи локомотивпен толықты
Әлемде
13.08.2026
Қытай теңіз бағыттары үшін контейнерлерді екі қабатпен таситын алғашқы пойызды іске қосты
Жаңалықтар
13.08.2026
Теміржол өткелінде көлік істен шығып, жүк пойызы шұғыл тоқтауға мәжбүр болды