Жаңа жыл қарсаңында Ақтөбеде облыстық ардагерлер кеңесінің жыл соңындағы жиыны өтіп, онда қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласып жүрген ардагер теміржолшылар Құрмет грамоталарымен марапатталды.  

Олардың қатарында теміржол бөлімшесі бойынша кәсіподақ комитетінің төрағасы Бошық Қуатов,  Ақтөбе локомотив пайдалану депосы ардагерлер кеңесінің төрағасы Александр Алпысбаев және салауатты өмір салтын насихаттап жүрген Жұмабай Отарғалиев бар.

 «Ел экономикасының күретамыры саналатын теміржол қызметінің әр саласында жүрген ардагерлер кеңесі  жетекшілеріне көрсетіліп жатқан құрметке алғысымыз шексіз. Теміржол еліміздің әр өңірінде мыңдаған тұрғынды жұмыспен қамтамасыз етіп, әл-ауқатын арттыруға үлес қосып келеді. Жас маманды еңбекке баулып, білім-біліктілігін арттыруға қолдау білдіреді. Ардагерлерін де назардан тыс қалдырған емес. Біздің басты мақсатымыз — ардагер теміржолшыларға жағдай жасау, қоғамдық өмірге араластыру, өңірдегі экономикалық-әлеуметтік, саяси мәселелердің шешілуіне атсалысу, аудандардағы, елді мекендердегі ақсақалдармен тығыз байланыс орнату»,– дейді Бошық Қуатов.

Қазіргіуақытта облыс аумағында барлық санаттағы 95 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Олардың басын біріктіретін ардагерлер кеңесі ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру, жастарға патриоттық тәрбие беру, олардың бойларына адамгершілік тәрбие құндылықтарын сіңіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп отыр.