Оқушылар екінші тоқсанды аяқтап, жаңажылдық демалысқа шықты.  Сабақтан қолы босаған жасөспірімдердің әрі-бері жүрісі жиілейтіні белгілі.  Осыған байланысты түбек теміржолшылары полиция өкілдерімен бірге қауіпсіздік шараларын күшейтті. 

Олар жаңа жыл қарсаңында теміржолға жақын маңдағы  мектептерді аралап, оқушылар арасында  түсінік жұмыстарын жүргізді. Бейнеу станциясындағы Абай мектебінде станция бастығы Е.Хайруллин және Әскерилендірілген темір жол күзетінің бастығы Сарсенов Нұрбол, полиция старшинасы А.Баймбетов оқушылармен кездесіп, теміржолдағы жүріс тұрыс ережелерін қатаң сақтап қана қоймай сигналдарға құлақ асып, ескерту плакаттарына назар аударып,  мұқият қадағалауы қажеттігін айтып, түрлі мысалдар келтірді, буклеттер таратты. 

Мұндай профилактикалық шараларды Болашақ станциясының теміржолшылары да өткізді. 

-  Соңғы кезде ел аймақтарында балалардың қатысуымен болған қайғылы жағдайлар бәрімізді ойлантуы керек –  үш күнде екі жасөспірім қайтыс болды. 25 желтоқсан Тараз станциясында пойыз вагонында «селфи» жасау кезінде 15 жастағы жасөспірім түйіспелі сымдағы тоқтан қаза тапса,   27 желтоқсанда Алматы станциясындағы қабылдау-жөнелту паркінде де екі жасөспірім жоғары кернеулі ток разрядын алып, біреуі сол жерде ажал құшты. Өте өкінішті жағдай, міне, осындай сұмдық тағы қайталанбас  үшін балаларды да, олардың ата аналарын да құлағдар етудеміз,- дейді болашақтық теміржолшы Ғани Қасымов.

Сай-Өтестік теміржолшылар мен станциядағы желілік полиция қызметкерлері мереке күндері теміржол бойында күзет ұйымдастырды.  Темір жолдың белгіленбеген жерінен өткендер ҚР ӘҚБтК-нің 559 бабының 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік шараға тартылатындығы туралы ескертті.

Шахида Жұман