Жаңа жыл түні Бейнеу станциясының ардагері Жарылқасын Батыров пен станция кезекшісі жанындағы оператор Ғалия Құттығұлованың шаңырағында шекесі торсықтай ұл туды.
Маңғыстау теміржолына қырық жылдан астам өмірін жұмсаған жандардың немерелі болған қуанышына бүкіл торап теміржолшылары ортақтасып, құттықтау тілектерін жаудыруда...
Бұл тоғыз перзентті дүниеге әкелген Алтын алқалы теміржолшының үшінші немересі. Ерлі-зайыпты дәрігерлер – ұлдары Сұңғат пен келіндері Жансаяның да үшінші баласы.
– 31 желтоқсан күні келініміз немеремізді аман-есен дүниеге әкеліп, жаңажылдық ең үлкен сыйлық жасады. Ұрпағының көбейгенін көруден артық бақыт бар ма?! Сәбиге Әміре Қашаубаевтай атақты тұлға болсын деп, Әміре есімін қойдық. Бұған дейін қыздан тоғыз жиен, ұлдан екі немере болатын. Келінім мен қыздарыма менің жолымды беріп, алтын құрсақты ана болуын тілеймін! – дейді Ғалия апай.
Жарылқасын Батыров пен Ғалия Құттығұлова осыдан 42 жыл бұрын еңбек жолдарын қол ұстасып бірге келіп осы станцияда бастаған екен. Отағасы көп жылдар Бейнеу станциясы басшысының орынбасары болып, өткен жылы 41 жылдық еңбек өтілімен зейнетке шыққан.