Еліміздің әр өңірінде белең алған қарулы қақтығыстар кезінде Сексеуіл станциясында да пойыздар  тоқтап қалған болатын. Қаңтардың 5-6 күндері осы станциядағы теміржолшылар вокзал алдында тұрып қалған 2 пойыз бен ондағы жолаушыларға тамақ, су мен басқа да қажетті заттар жеткізіп, көмек көрсетті.

Бұл күндері халқымыздың басына қара бұлт үйіріліп, мемлекет тұтастығына қатер төнді. Осындай қилы кезеңде  халық ауызбіршілік таныта білді. Солардың ішінде теміржолшылар да болды. Сексеуіл локомотив пайдалану депосы бастығының орынбасары Еркебұлан Аяғановтың айтуынша, станциядағы барлық құрылымдық бөлімшелердегі теміржолшылар арасынан шыққан еріктілер, әкімдік, жергілікті тұрғындар күш біріктіріп, вокзал алдында қазан-ошақ құрып, пойызда отырған жолаушыларды үздіксіз ас-сумен қамтамасыз етті.

- №78 Алматы-Маңғыстау пойызы Сексеуіл станциясына 5 қаңтарда таңғы сағат 6.13-те келіп, 34 сағат 19 минуттан кейін 6 қаңтарда сағат 16.52-де жолға шықты. Ішінде 489 жолаушы болды, оның 20-сы балалар. Сонымен қатар №112 Тальго пойызы 5 қаңтар сағат 14.01-де келіп, келесі күні сағат 16.39-ға дейін 28 сағат біздің станцияда тұрып қалды. Жолаушыларға станция халқы бірігіп, 10 қой сойып, 3 мезгіл тамақ берді. Оған қоса біздің станцияға жақын тұратын жолаушыларғ еріктілер такси жалдап, барар жеріне аман-есен жөнелтті, - дейді Е. Аяғанов.