Династия: отбасы бақытының сыры

Әлеумет
30.09.2019, 11:33

Айналасындағыларға сыйлы, көпке үлгілі бұл шаңырақтағы ортақ тақырып – теміржол екені талас тудырмайды. Отбасында әке-шеше, бала – бәрі бір салада еңбек ететін бұл жанұя түбек теміржолшыларына жақсы таныс. Ол – Болат Дүйсәлиев пен Нұрайна Қыдырованың отбасы.

Отағасы Болат Аманжолұлы – темір жолда өзіне жүктелген міндетпен қоса қоғамдық жұмыстарды да абыройлы атқарып жүрген түбектің белсенді азаматы. Құрметті теміржолшы. «Нұр Отан» партиясының Мұнайлы аудандық филиалына қарасты Маңғыстау темір жолы бастауыш партия ұйымын басқарады. Мұнайлы аудандық мәслихатының депутаты.

Мақаттан шыққан азамат теміржолдағы еңбек жолын 1992 жылы Алматы белгі беру және байланыс дистанциясында электромонтер болып бастаған маман екі жылдан соң Атырау темір жолына ауысып, Ақжайық белгі беру және байланыс дистанциясында ЭЦ постының СОБ электромеханигі болады. Бірнеше жыл тәжірибе жинап, Құлсары белгі беру және байланыс дистанциясына ауысып, аға электромеханик СОБ маманы болып 2001 жылға дейін жемісті еңбек етті. Сосын Ақжайық белгі беру және байланыс дистанциясы директорының орынбасары болып ауысып, бір жылдан соң сол дистанцияға директор болып тағайындалды.

2003 жылы тәжірибелі маман Атырау магистральдық желі бөлімшесіне бас инженер болып келіп бес жыл қызмет атқарды. Ал 2007 жылы Маңғыстау белгі беру және байланыс дистанци ясы директоры болып түбекке қоныс аударды. 2014 жылдың тамыз айынан бүгінге дейін «ҚТЖ» Қозғалыс кауіпсіздігі департаментінің Маңғыстау телімі бойынша бас ревизоры. Міне, осылайша ең төменнен бастап қызмет тұғырынан бірте-бірте жоғарылаған ол кез келген жұмыста күш-жігерін аямай еңбектенгені өз алдына, мол тәжірибе жинағаны белгілі. Атыраудан Маңғыстауға қоныс аударған ілкі сәттерден-ақ жергілікті әріптестеріне жақсы қырымен танылғаны сондықтан болар. Дистанция жұмысын қолға алысымен ілкімді істердің ұйытқысына айналды. 2007 жылы Маната мен Тамақ бекеттерін іске қосып, №6 бекетке еліміз бойынша алғаш «МПЦДиалог» толық компьютерленген жүйесін енгізу жұмыстарын ұйымдастырған. Дистанцияны басқарған жылдары Сай-Өтес пен №9 бекет қайта жасақталып, РПЦ МПЦ аппараты, №2 және 16 бекеттерге КТСМ -1 қондырғысы, жаңадан қосылған бекеттер мен станцияларға жаңа типті РС-46 МЦ радиостанциясы орнатылған. Жас мамандарды кәсіпке машықтандыру, жұмысшылардың әлеуметтік мәселелеріне көңіл бөлу жағын да қағыс қалдырмай, мекеменің жетістіктерге жетуіне бастамашы болды. Соның нәтижесінде дистанция 2011 жылы салалық жарыс қорытындысында екінші орын алды.

Тікелей Болат Дүйсәлиевтің бастамасымен облыс жастарының білімін дамыту мақсатында Ақтау көлік және коммуникация колледжінің өндірістік базасы жабдықталғанын да жерлестері мақтанышпен ауызға алады.

Б.Дүйсәлиевтің жары Нұрайна Қыдырова да теміржолшылар «қазанында қайнаған» нағыз теміржолшы. Атақты теміржолшылар әулетінен шыққан, әкесі машинист, анасы жүк қабылдаушы болып 40 жыл шойын жолға тер төккен жандар екен. Нұрайна Есімқызының еңбек жолының өзі туып өскен Құлсары станциясындағы радиоцехта монтерлықтан басталған екен. Теміржол институтын тәмамадаған соң жолдасымен бірге Атырауға келіп, Мақат байланыс үйіне жұмысқа орналасады. Желілік-аппараттық залда, АТС байланыс монтері, механик болады. Содан соң Атырау теміржолы техникалық бөлімде қозғалыс қауіпсіздігі инженері, 2007 жылдан Маңғыстауда қозғалыс қауіпсіздік инженері, 2012-2015 жылдары Қазақстан теміржолшылары кәсіби одағы орталық кеңесінің Маңғыстаудағы өкілі, ал 2015 жылдан бері Маңғыстау теміржолында спорт шараларын ұйымдастырушы нұсқаушы болып еңбек етуде. Үйде де, түзде де теміржолшылардың «жағдайын жасап» жүрген әйел, білікті маман, аяулы ана, сүйікті жар.

− Теміржолда ерлі-зайыптының бірдей еңбек етуінің өзіне сай қиындығы да, қызығы да бар. Мысалы, біз бір уақытта ШЧ Ақжайықта Бәкең – директор, мен техникалық топта қауіпсіздік инженері болған кезде біраз қиналдық. Жұмыста қате кетсе, бір ұшы маған тиеді, жиналыста талай рет мені тұрғызып қойып сөйлейді. Елдің көзінше ештеңе айта алмайсың, үйге келгесін ренішімді білдіретінмін. Сонда да үйде тағы хатшысы рөлін атқаратынмын. Қағаздарын басып беремін. Бөлімнің үлгермеген қағаздарын үйде басамыз, кейде таңға дейін отыратынбыз. Екі жылдай уақыт солай өтті. Іссапарлар көп. Баламыз жас. Бастапқыда ата-енеміз көмектесті. Кейде екеуміз бірдей үй бетін көрмей кетеміз.

Теміржол қайда жұмсаса, сонда барып, Мұқыр, Мақат, Атырау, Құлсары, Маңғыстаудан бір-ақ шықтық. Енді осында тұрақтадық па десек, көшіріп жібереді. Ұлымыз Абат қайта-қайта ортаны өзгертіп, жаңа жерге көндікпей жүрді. Бірде сыныптасын ұнатып қалып, Мұқырдан көшпеймін, қаламын деп тұрып алды. Кетуге келіспей қойғасын амалсыз, қызға сырға салып, демалыста алып кетеміз деп алдаған күндеріміз де болды, – деп күледі уақыт өте келе жары мен баласының жағдайын бірінші қатарға қойып, өз мансабын кейінге ысырған әйел.

Өйткені, өз саласын терең білетін, білімді де қабілетті маман «карьера қуса», бір мекемені басқарып отыратыны анық еді деседі әріптестері. Бүгінде ерлі-зайыптылардың 1992 жылы туған ұлдары Абат та ата-ана ізімен жүріп, жас та болса бас бола білген жастардан. Қазір ол аймақтағы «Каскор Транссервис» мекемесінде учаске бастығы. Өз отбасы бар, екі баланың әкесі. Бұл әулетте қалыптасқан дәстүрден, ата-енесінің сара жолынан жас келін де айныған жоқ. Ең алдымен үйдегісінен түздегісі көп теміржолшы шаңырағының бары мен жоғын түгендеп, жағдайын жасауды міндет санайды. Қалғаны сосын бола жатады. Бәлкім, бақытты отбасы құрудың сыры осы шығар...

Шахида ЖҰМАН, Маңғыстау


Жаңалықтар
11.03.2026
Елімізде теміржол вокзалдарын модернизациялау жұмыстары жалғасуда
ҚТЖ келбеті
11.03.2026
Атыраулық теміржолшы «Құрмет» орденімен марапатталды
Аймақтар
11.03.2026
Жамбыл филиалының еңбекқор арулары
Жаңалықтар
11.03.2026
Теміржол алпауыттары Сочиде бас қосты
Аймақтар
11.03.2026
Қызылордалық теміржолшылар нәзік жандарға құрмет көрсетті
Инфрақұрылым
11.03.2026
Қызылжар – Сексеуіл учаскесін жаңғырту қарқыны кестеден озып тұр
Жаңалықтар
11.03.2026
Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту талқыланды
Жаңалықтар
10.03.2026
ҚТЖ: су тасқынына дайындық ерекше бақылауда
Жаңалықтар
10.03.2026
ТХКБ бойынша тасымал көлемі соңғы 7 жылда 5 есе өсті
Инфрақұрылым
10.03.2026
Қазақстанның теміржол инфрақұрылымын жаңғырту
Жүк тасымалы
10.03.2026
Қазақстан мен Ресей арасындағы контейнерлік тасымал 5 жылда 8,3 млн тоннаға дейін өскен
Әлемде
10.03.2026
Түркия алғашқы жүрдек электр пойызын сынақтан өткізбек
ҚТЖ келбеті
09.03.2026
Еңбегі берекелі билет кассирі
ҚТЖ келбеті
09.03.2026
Кәсіби шыңдалу мектебі
ҚТЖ келбеті
09.03.2026
Қарбаласқа толы күн
Жолаушылар тасымалы
09.03.2026
Ақтөбе облысында тасжолдардың жабылуына байланысты ҚТЖ пойыздарымен 540 жолаушы жеткізілді
Трансформация
08.03.2026
ҚТЖ тасымалдауды жоспарлаудың автоматтандырылған жүйесін енгізуде
ҚТЖ келбеті
08.03.2026
Шынайы құрметке лайық
ҚТЖ келбеті
08.03.2026
Еңбек жолы – өнеге
ҚТЖ келбеті
08.03.2026
Қауіптің алдын алды