Бақыт деген ол... Жарасымды жанұя

Әлеумет
09.03.2020, 11:13
Жансая Сыдықбай

Шымкент қаласы бойынша меншікті тілшісі

Арыс қаласында тұратын теміржолшы, көпбалалы ана, «Алтын алқа» иегері Нұрбибі Мекенбайқызымен «Бақыт деген не? Жарасымды жанұя сыры неде?» деген тақырыпта әңгіме өрбіттік.

55 жастағы Нұрбибі ханым – бүгінде 8 баланы өсіріп, тәрбиелеп отырған үлгілі шаңырақтың анасы. 1982 жылы еңбек жолын техникаларды өлшеу зертханасында лаборант болып бастаған ол бүгінде Арыс ТЧЭ-32 локомотив депосы цехында техникалық қосалқы көмекші болып жұмыс істейді. Негізгі атқаратын міндеті – құрал-жабдықтарды тазалау, күтіп-баптап ұстау. Ауыр әрі қара жұмыс болса да бала-шағаның нәпақасы үшін аянбай тер төгіп келе жатқанына биыл шілде айында 38 жыл толмақ.

Өмірлік жан жолдасы Оралбай Тұрсынбеков те осы депода еңбек етеді. 1983 жылы 26 тамызда бас қосып, шаңырақ көтерген олар бүгінде көпбалалы отбасы атанып, ел қатарлы түтін түтетіп отырған жайы бар. Үйдің тұңғышы 1984 жылы дүниеге келген Мөлдір мектепті алтын белгімен бітірген екен. Бүгінде Ташкент қаласында тұрады, сол жақтың келіні. Бұдан кейін туған 1985 жылғы Жанар мамандығы бухгалтер, Кентауда тұрады, 1989 жылғы Ләззат есімді қыздары Қызылорда жаққа ұзатылған, медбике болып істейді. Ал 1993 жылғы Жаңыл Шымкентте тұрады, бастауыш сыныптың мұғалімі. 2000 жылғы Ұлдидар атты қыз Мирас университетінің 4 курс студенті болса, Еламан есімді ұл Шымкенттегі М.Әуезов атындағы университетте архитектура мамандығы бойынша білім алып жатыр.

Ал үйдегі кенжелері 2006 жылғы Қарақат пен 2008 жылы дүниеге келген Кәусар 8 және 5-ші сынып оқушылары. Қысқасы, үлкен төрт қызын құтты орнына қондырып, қалған екі студент пен екі оқушыны оқытып отырған отбасы.

«Өзіміз жоғары білім алмасақ та балалар оқысын деп бәрін оқытуға, жетілдіруге тырыстық. Қатарынан кем қалмай, өз нандарын тауып жесін дедік» деген ананың ақжарма тілегі қарап тұрсақ, орындалғандай. «Ұл екеу болса дейміз. Денсаулығым мен бойымда күш-қуатым болса тағы бір ұлды болуды қалар едім, қазақпыз ғой енді, үмітім үзілген жоқ. Екі үлкен қыздан кейін екі егіз ұлым болған, шетінеп кетті. Аман болғанда қазір 10 баланың анасы болып отырар едім», – дейді өкінішін де жасырмай.

Иә, қазақ ұлды шаңырақ иесі, ұрпақ жалғасы ретінде көретіні жасырын емес. Қазіргідей нарық заманында сегіз баланы жетілдіру, аяққа тұрғызу оңай шаруа емес. Алайда, қазақтың алтын құрсақты аналары бүкіл тауқыметті қайыспай көтеруге дайын екеніне таң қалмасқа шараң жоқ... «Есіңізде қалған ерекше оқиғаны айтып беріңізші?» деген біздің тілегімізге орай Нұрбибі Мекенбайқызын 2017 жылы Астанаға барған сапарын жыр қылып айтып берді.

«ҚТЖ-ға әйелдер мерекесін тойлауға сіз барасыз деп кадрдан мені жіберді. Бала-шағаңыз да, еңбек өтіліңіз де көп, сіз баруға лайықсыз деді. Қазақпыз ғой, айлығымның бәрін жаратып қойған болатынмын. Шыны керек, қаржыдан қысылып тұрғандықтан бара алмаймын деп едім, қарыз алсаңыз да билет тауып, барып келіңіз деді.

Содан не керек, екі жүзігімді ломбардқа өткізіп, анадан, мынадан қарыз алып жолға шықтым. Пойыздан күтіп алып, қонақ үйге апарды. Ауылдың арасынан ұзап шығып көрмегенмін ғой, барсам өзге өңірден келген қыз-келіншектер мерекеге барын салып дайындалып жатыр екен. Мені де әлгі жерде шаш бұйралап, боянып-сылануға шақырды. Ішімнен қысылып тұрмын, ұялғанымды білдіртпей бас тартсам, «бүкіл шығыныңыз ҚТЖ есебінен, қысылмаңыз» деп бір бөлмеге сүңгітіп жіберді мені қыздар.

Содан киіндіріп, бояндырып, сәндепәрлеп шығарып, айнадан өзімді көргенде талып қала жаздадым. Таңғы уақытта ҚТЖ ғимаратының 22-қабатында өткен арнайы банкетке бардық. Содан «Хабар» арнасының журналистері келіп түсіріп кетті. Оны ауылдастарым теледидардан көріп мені танып, «мынау Нұрбибі ғой» десе, ешкім сенбепті. Сол кеште жан-жақтан жиылған әйелдер қауымын тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров үлкен құшақ-құшақ гүлдер сыйлап, мерекемен құттықтады. Ал түскі асқа Астанадағы Риксос деген керемет мейрамханаға бардық.

Одан шыққан соң ҚР Тұңғыш Президентінің музейіне бардық. Автобуспен бізді қонақ үйге алып келді. Кешкісін ғажайып Астана опера және балет театрында үш сағат концерт тамашаладық. Әнші Нұржамал Үсенбаева жерлестеріме арнаймын деп біздің құрметімізге ән айтып берді. Шыны керек, біз Арыста ел ішінде жүріп, көп нәрседен шеттеп қалыппыз. Астанаға барып мүлдем басқа өмірді көріп, бір жасап қайттым. Бізге мерекеге орай шай ішетін қымбат сервиз сыйлап, жолақымызды төлеп, оған қоса 50 мың теңгеден сыйлық берді. Астананың көрікті деген жерлерін армансыз араладық , Хан-шатыр дегенге бардық, мешітте де болып, балаларым мен елімнің амандығы үшін дұға жасадым.

Бірақ жөндеу жұмыстарына байланысты «Бәйтерек» жабық тұрды», – деп ұзақ-сонар әңгімесін аяқтады апамыз. Көпбалалы ана жақын жерде тұратын қыздары мен күйеу балалары сыйлықтарын алып мерекеде жетіп келетінін, ал алыстағысы телефон арқылы құттықтайтынын айтты. Менің бар байлығым – балаларым, дегенді ұқтырған алтын құрсақты ана «бақыт деген ол – жарасымды жанұя» деді ойланбастан.

Жүк тасымалы
23.09.2026
KTZ Express Үндістанға жасымық жөнелтті
Әлемде
23.09.2026
Қырғызстан Wabtec компаниясынан 10 жаңа локомотив сатып алмақ
Жаңалықтар
23.09.2026
Ақмола облысында Атбасар вокзалын жөндеу аяқталды
Жаңалықтар
23.09.2026
ҚТЖ локомотив паркін қысқы тасымалдауға дайындауда
Әлемде
23.09.2026
CRRC энергия үнемдейтін SmartMetro пойызын таныстырды
Жаңалықтар
23.09.2026
Қазақстан вокзалдары жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты
Инфрақұрылым
22.09.2026
ҚТЖ Бейнеу бағытында автоматика жүйесін жаңғыртуда
Жаңалықтар
22.09.2026
ҚТЖ 150 мың тонна болат құбырды мультимодальды бағытпен тасымалдайды
Жаңалықтар
22.09.2026
ҚТЖ локомотив бригадаларының біліктілігін арттыруда
Трансформация
22.09.2026
SAP жүйесі: ҚТЖ үшін озық цифрлық шешім
Аймақтар
22.09.2026
Семейде тәулігіне кемі 350 вагон көмір тиелуде
Станция тынысы
22.09.2026
Шиелі станциясы өндірістік жоспарды межеден асыра орындады
Аймақтар
22.09.2026
Шу локомотив пайдалану депосында студенттерге «Ашық есік күні» өтті
Қауіпсіздік
22.09.2026
Астана жол дистанциясы оқушыларға теміржолдағы қауіпсіздік ережелерін түсіндірді
Спорт
22.09.2026
«Теміржол қалқаны» – жеңімпаз
Спорт
22.09.2026
Жігіттердің осалы жоқ
Жаңалықтар / Мұрағат
22.09.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №75 22 қыркүйек 2026 жыл
Жүк тасымалы
21.09.2026
ҚТЖ астық штабы Қостанай мен Көкшетауда биылғы егінді шығаруды талқылады
Әлемде
21.09.2026
Аргентинада күн энергиясымен жүретін пойыз іске қосылды
Әлемде
21.09.2026
Үндістан Африка теміржол нарығындағы үлесін арттырып келеді