Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесі мен бастауыш кәсіподақ ұйымы бірлесе ұйымдастырған теміржолшылардың балалары арасындағы онлайн байқау мәресіне жетті. «Бақытты балалық шақ» атты балғындар додасына 5-12 жас аралығындағы жеткіншектер қатысты.
«Біз әлеуметтік желіден арнайы топ ашып, қатысушылардың өнерін көрсеткен бейнетаспаларын сонда қабылдаған болатынбыз. Байқауға жалпы 50-ден астам жұмыс келіп түсті. Өнерден хабары бар, білікті мамандарымыз оларды әділ сарапқа салды. Бұл әріптестеріміздің отбасына да үлкен қуаныш сыйлады деп білемін», – деп атап өтті бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Серік Ақшораев.
Балалардың өнер сайысы үш бағытта ұйымдастырылған. Би байқауында Бірлік станциясының операторы Жанар Дүйсенбаеваның қыздары Динара мен Даяна Өскенбайлар бірінші орынды еншілепті. Ал мәнерлеп оқу аталымында Дария Ауғанбай алдыңғы орыннан көрінген. Ол – бөлімшенің есептеу орталығының бастығы Ербол Сұлтанғалиевтің қызы. Ән салудан сынға түскен үміткерлердің ішінен Айсұлтан Қаспақбайдың бағы жанған. Жас орындаушы бөлімше кезекшісі Жамбыл Сүйсеновтің отбасында дүниеге келген. Жеңімпаздар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
«Біз еңбек ететін мекеменің өзге ұжымдардан артықшылығы сол, жұмысшыларының отбасына да қызықшылық сыйлап тұрады. Карантин жағдайларына қарамай ұйымдастырылған байқау отбасымызға қызықшылық, қуаныш сыйлады, сол үшін бөлімше мен кәсіподаққа алғысымыз шексіз. Біз қандай жағдайда да өзіміз жұмыс істейтін бөлімшеге арқа сүйейміз. Өйткені, басшылық адами құндылықтарға, мамандарының әлеуметтік жағдайларына үнемі мән береді», – дейді теміржолшы ата-аналар.