Оралжан Масатбаев, Алматы қаласы
Серік Байқұлбаев дүниеден өтті. Атакәсібі мұраты еді
Оқуға 1 мин
Шу өңірінде туып-өсіп, Алматы темір жолында қызмет еткен Серік Байқұлбаев 16 тамыз күні дүниеден өтті. Ол теміржолшының ұлы болып дүниеге келіп, атакәсібін жалғастырып, абыроймен қырық жыл еңбек еткен ел-жұртына қадірлі азамат болды.
Еспе теміржол станциясында Сыдық теміржолшының шаңырағында 1949 жылы дүниеге келген Секең теміржолшы формасын киіп, еңбекке араласқанда 19 жастағы бозбала екен. Теміржол саласында арнайы білім алып, 1968 жылдан басталған теміржолшының өмір жолы 2014 жылы құрметті еңбек демалысына шыққанша, тұп-тура 45 жылға жалғасты. Ұзақ жылдар Алматы темір жолында Әскерилендірілген теміржол күзеті саласында абыройлы еңбек етіп, лайықты бағасын алды.
Ата кәсібі мұраты болған теміржолшы күні кешеге дейін сала өмірінен тыс қалмай, оның жақсылығына сүйініп, кемшілігіне күйініп, жастарды теміржолшы мамандығын игеруге үгіттеп, кезінде өзі де талай шәкірт тәрбиелеген ақеділ жан болғанын көзіміз көрді.
Еңбек ардагері оның әріптестері мен замандастарының есінде өз кәсібіне адал, отбасында сенімді жар, асқар таудай әке, қадірменді ата болып, немере-шөбере сүйген иманды жан ретінде қалды.