Маңғыстау вокзалына келген жолаушылар ковидке қарсы екпе аламын десе бұл қалауына алысқа ұзамай-ақ қол жеткізе алады. Ол үшін медициналық мекемеге барудың да қажеті жоқ, пойыздан түскен бойда вакцина салғызуға болады. Қыркүйек айының 9-нан түбек теміржолының Маңғыстау вокзалы алдына жылжымалы медициналық кешен келіп жайғасты. Жергілікті халық пен ары-бері жолаушылағандар екпе алу үшін осында келіп жатыр екен. Алғашқы күні егу пунктінің қызметіне жүгінгендерге қалаулары бойынша екі дозалық бір флакондағы «Синовак-Verocell» вакцинасы салыныпты.
– Теміржол вокзалының алды адам көп жүретін және теміржолмен жолаушылар келіп-кетіп жататын орын болғандықтан халыққа ыңғайлы болуы үшін жылжымалы кешенді осында орналастырдық. Бастапқы жоспар бойынша мұнда бір апта боламыз. Ал егер екпе алушылар саны көп болып, халықтың сұранысы артып жатса, вакцинациялау жұмысын одан әрі қарай да жалғастырамыз. Сондай-ақ, қажеттілік болып жатса, шалғайдағы бекеттерге, теміржол мекемелеріне мобильді бригада шығаруға да болады. Жылжымалы егу пунктіне үш адам бекіткенбіз. Оның біреуі дәрігер болса, екіншісі медбике және бір тіркеуші қызметкер бар, – дейді бұл туралы ақпарат берген Мұнайлы аудандық ауруханасының директоры Жанар Досжанова.
Маңғыстау бөлімшелік көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ағзия Темірқасованың айтуынша, кешеннің ішінде вакцинаны сақтауға жағдай қарастырылған. Екпе мұнда термоконтейнермен жеткізіліп тұр.