Желаяқ теміржолшының жаңа жеңісі
Абай облысы бойынша меншікті тілші
Семейлік теміржолшылар қоғамдық өмірдің барлық саласында мейлінше белсенді. Жуырда Семей қаласында жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі «Abai Joly 100 miles» ультратрейл жарысы өтіп, оған теміржолшылар да қатысты.
Төртінші рет өткізіліп отырған додаға қатысушылар 3 және 50 шақырымдық сайыста өзара бақ сынасты. Байрақты бәсекеге жергілікті теміржолшылар атынан Семей магистральдық желі бөлімшесінің техникалық бөлімінің бастығы, белгілі спортшы Нұрлан Бегәділов сынға түсті.

Бұл жарысқа тыңғылықты даярлықпен келген Нұрлан Мысырұлы алыс қашықтық бойынша сайыс жолына шықты. Әуесқой спортшылар Семей қаласының іргесінен бастап, М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» шығармасына арқау болған жер – тарихи Күшікбай асуына дейінгі аралықты жүгіріп өтулері қажет.
– Бұл сайыста 39 жастан жоғарғылар арасында сынға түстім. Алғашқы 45 шақырымды ойдағыдай жүгіріп өттім. Қалған бес шақырым жер ойлы-қырлы, жолсыз аумақ болды. 50 шақырымдық қашықтықты төртінші болып бағындырып, жүлделі орынға ие болдым, – дейді Нұрлан Мысырұлы.
Желаяқ теміржолшы осылайша сайыстың арнайы төсбелгісін өңіріне тағып, ұйымдастырушылар тағайындаған бағалы сыйлыққа ие болды.
Ал өткен қыркүйек айының соңында Нұрлан Бегәділов дәстүрлі VI «KTZH MARATHON» сайысына қатысып, өз жас шамасы бойынша 5 шақырымдық қашықтықта жеңіске жетіп, бірінші орынды еншілеген болатын.
