Қытайдан Ауғанстанға жүк тасымалдайтын, ұзындығы 7,4 мың шақырымды құрайтын жаңа мультимодальды контейнерлік бағыт іске қосылды. «Өзтеміржолконтейнер» кәсіпорнының мәлімдеуінше, бұл бағыт Қазақстан, Өзбекстан және Түрікменстан аумағы арқылы өтеді, деп хабарлайды Rail-news.kz.

Жаңа жоспар бойынша, Қытайдан шыққан жүк тиелген контейнерлер теміржол көлігімен Қазақстанға «Қорғас – Алтынкөл» мемлекетаралық түйісу пункті арқылы жеткізіледі.

Одан әрі жүктер Өзбекстанға - «Өзбекстан темір жолдары» контейнерлік паркінің операторына тиесілі «Бұхара» логистикалық орталығына жіберіледі.

Бұл хабта контейнерлер автокөліктерге қайта тиеліп, Түрікменстан арқылы Ауғанстанның солтүстік-батысындағы Герат қаласына жол тартады.

Жаңа бағыт бойынша жүкті жеткізудің орташа мерзімі 30 күнді құрайды.