Шу вокзалы қайта түледі
"Қазақстан теміржолшысы" газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі
Тоғыз жолдың торабындағы Шу вокзалын қайта жаңарту аяқталып, пайдалануға берілді. Алыстан көз тартатын еңселі ғимарат жоба аясында толық күрделі жөндеуден өтіп, инженерлік желілері жаңартылған.
Ғимараттың ішкі және сыртқы әрлеуі заманауи талаптарға сай жүргізілген, сәулеті ерекше. Күту залдары мен жолаушыларға қызмет көрсету орындары жаңа жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған күту бөлмелері, арнайы жүру жолақтары қарастырылған, вокзалда кедергісіз орта қалыптастырылған.
Вокзалдың ашылу рәсіміне қатысқан Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев теміржол саласында Шу қаласының өзіндік орны бар екеніне, мұнда 20-дан астам теміржол мекемесі шоғырланғанына, оларда мыңнан астам теміржолшы еңбек ететініне, шойын жол қаншама отбасын тұрақты жұмыспен қамтып отырғанына ерекше тоқталып өтті.
Қайта құру барысында ауданы 8 141,03 шаршы метрді құрайтын бес қабатты вокзал ғимараты жаңарып, қасбет, шатыр, ішкі үй-жайлар, инженерлік жүйелер, перрон және вокзал аумағы өзгерді. Қасбеті тра вертинмен, жертөлесі қазақстандық мәрмәр плиткамен қапталған. Қазақстандық өндірістің энергия үнемдейтін екі қабатты шынысы бар «жылы» тірек-ригель жүйесінің терезелері мен алюминий витраждары орнатылды. Ішінде заманауи жанбайтын материалдар, дыбыс өткізбейтін төбелер және тозуға төзімді еден жабындары қолданылды.
Вокзал 1-класқа жатады. Орташа тәуліктік жолаушылар ағыны шамамен 1591 адамды құрайды. Станция арқылы Шуды Бурабай курортымен, Алматы, Астана, Семей, Маңғыстау, Ақтөбе, Шымкент, Түркістан, Тараз, Орал, Атырау, Қостанай, Көкшетау, Қызылорда, Петропавл мен Сарыағаш қалаларымен, сондай-ақ Ресеймен, Қырғызстанмен және Өзбекстанмен байланыстыратын 48 жолаушылар пойызы өтеді.
Жамбыл магистральдық желі бөлімшесі директорының вокзал шаруашылығы бойынша орынбасары Азизхан Қалыбаевтың айтуынша, жоба «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның өз қаражаты есебінен Қазақстан Республикасының Үкіметі, Көлік министрлігі, «Самұрық-Қазына» АҚ және Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен іске асырылды.