Ақтөбе вокзалында төтенше жағдай кезінде кассирден бастап техникалық қызметкерлерге дейін күшейтілген тәртіпте еңбек етті. Қосымша билет кассалары халықтың көп шоғырлануына жол берген жоқ.
Вокзал басшысының орынбасары Арсен Кенжиннің хабарлауынша, бүгінде жағдай толық тұрақталып, пойыздар қозғалысы қалыпты жұмыс істеп тұр.
«Қазір барлық қызметкерлер қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр. Төтенше жағдай кезінде уақытпен санаспай жұмыс істеді. Жолаушыларға қажетті ақпарат үздіксіз беріліп отырды. Ол күндері жұмысшылардың санын көбейттік», – дейді Арсен Кенжин.
Айта кету керек, елдегі келеңсіздіктерге қарамастан теміржол вокзалдарында билет кассалары тоқтаусыз жұмыс істеді. Жол жүру билеттерінің қаражатын қайтару үшін «Жолаушылар тасымалы» АҚ өтініштерді қабылдап, барлық сұрақ жедел шешімін тапты.
Қазір аймақта жағдай тұрақты, еш қауіп жоқ, пойыздар қозғалысы кесте бойынша жүріп жатыр.