«Жолаушылар тасымалы» қызметкерлері Кәсіподақ күні қарсаңында марапатталды
«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі
2019 жылдан бастап 10 қазан – Қазақстан кәсіподақтары күні ретінде ресми бекітілді. Атаулы күн қарсаңында «Қазкөліккәсіп» ҚБ-ның «Жолаушылар тасымалы» АҚ филиалы бірқатар қызметкерлерін арнайы марапаттады.
ҚТЖ бас ғимаратындағы музейде бас қосқан мереке иелерін бірлестіктің Астана торабы филиалының төрағасы Серік Сәрсекеев және кәсіподақ филиалының төрайымы Ельнара Әкімбайқызы құттықтап, марапаттарын табыстады. Филиал бойынша 13 адам «Кәсіподақтағы белсенді жұмысы үшін» медалімен, 5 кәсіподақ өкілі «ҚТЖ атаулы сағатымен», тағы 5 адам Алғыс хатпен марапатталды. Бұл белсенді теміржолшылар жазда балаларды лагерьге апарып, келу ісін ұйымдастырып, Штадлер вагонына тестік іс-сапарға барған және жалпы қызметіне үлкен жауапкершілікпен қарап, кәсіподақ ісіне белсенді қатысқаны үшін таңдалған.

– Біздің кәсіподақтың 120 жылдан астам тарихы бар, ол елдегі жалпы кәсіподақтың бастауында тұр. Осындай байырғы тарихи ұйым ісін жалғастыру – әрбіріміз үшін мақтаныш. Қандай да қоғамдық жұмысқа белсене кірісіп, қызметін адал атқаратын сіздер сияқты азаматтардың арқасында кәсіподақ ісі алға басып, абыройы биіктей түсуде, – деді С. Сәрсекеев.
Марапатталғандардың бірі – «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның Нұрлы жол вокзалындағы билет кассирі Райхан Мамбеталина – 21 жылдық тәжірибесі бар қызметкер.

– Кәсіподақпен әлеуметтік серіктестікте жұмыс істеп, әрі ұйымның мүшесі ретінде оның жұмысының алға басуына атсалысу – біз үшін қызметтік міндет. Билет кассирі ретінде жазда балалар лагерьге топ болып баратын кезде олардың сапарын ұйымдастырып, жол құжаттарын реттеп көп жұмыс істедік. Осы еңбегімізді бағалап, кәсіподақшылар күнінде марапаттап жатқан басшылыққа, кәсіподақ ұйымына рахмет айтамын, – дейді ол.
