Темір жол бойындағы шағын станцияларда су мәселесі әлі де шешімін таппай келе жатқан жерлер бар. Соның бірі Исатай ауданы аумағындағы Тұщықұдық ауылы маңындағы №15-разъезд болатын.
Техника мен технология дамыған заманда қара суға зәру болу деген тіптен қисынсыз нәрсе екені түсінікті. Жақында Атырау магистральдық желі бөлімшесі басшылығының ұйымдастыруымен шағын бекетте бұл мәселе шешімін тапты.
«Разъезге су келіп, станциялықтар қуанып жатырмыз. Бұрын әр жерден су сұрап, шелектеп тасып жүретінбіз. Енді басшылық тарапынан жұмысшылар сұранысы қағаттандырылып, станцияға сыйымдылығы 5 тонна су кететін құдық салынды. Ол электронасос арқылы станция ішіне тартылып, енді ас-су қабылдауға, жуынып-шайынып, техникалық жұмыстарға да пайдалануға мүмкіндік туды» дейді станция бастығы Ислам Омаров.
Күні-түні түзде жүріп жұмыс істейтін теміржолшылар үшін судың тоқтаусыз келіп тұруы олардың жұмыс сапасына да оң әсер етері анық.