Семей теміржолында биылғы жылы экологиялық жұмыстарға да айрықша басымдық берілді. Бұл орайда жергілікті сала мамандары әлемнің тек екі елінде – Қазақстан мен Канадада ғана бар қылқан жапырақты жасыл орманды сақтап көбейтуге үлес қосуды қолға алды.

Осыдан он жылдай уақыт бұрын бөлімше басшылығы бастамасымен басталып, жыл сайын жүзеге асырылып келе жатқан іс-шара биыл да ерекше қарқын алды.  

Атап айтсақ, семейлік теміржолшылар қауымы жуырда ғана «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының қолдауы аясында Семей орманындағы өрттен зардап шеккен 762 гектар аумаққа 3 миллион қарағай көшетіy отырғызу ісіне қатысты. Сонымен қатар, бөлімшедегі Жастар ұйымының белсенділері Ертістегі «Бейбітшілік аралының» орман тұқымбағына емен, терек, шаған, жөке, шырша сияқты 9 түрлі ағаш пен бұтаның мыңнан астам көшеттерін еккен болатын.  

Жақында көшет отырғызу ісінің биылғы жыл бойынша қорытындысы өтті. Семей ЖТ филиалының кәсіподақ ұйымы төрайымы Айгүл Берікболова бастаған теміржолшылар әуелгі кезекте бөлімше аумағына көшеттер отырғызып, соңынан сенбілік жұмыстарын ұйымдастырды. Оларға көмекке Семей магистральдық желі бөлімшесінің қызметкерлері де келді.  

– Өткен жылы күз мезгілінде 5 мың түптен аса жас көшет отырғыздық. Негізінен қаланың Дегелең станциясына шығар бағытындағы желінің қос қапталы назарға алынған еді. Ал, биыл негізінен бөлімшеге қарасты көптеген нысандар мен ғимараттар маңы абаттандырылды. Сол тәрізді облыс көлемі бойынша өткізілген «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы іс-шараларда да теміржолшы жастарымыз алғы шепте жүрді, – дейді Айгүл Мырзахметқызы.  

Көшет отырғызу ісі байтақ бөлімше бойынша жүргізілгенін айта кету керек. Биылғы жылғы отырғызылған өскіндер көлемі нақтыланып, келер жылға жоспар жасалмақ.