Бүгінде Атырау темір жолының аумағында 48 станция мен шағын бекеттер бар. Теміржол көлігінің қысқы кезеңде үздіксіз әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырушылық-техникалық іс-шаралар кешеніне сәйкес станциялық жолдарды тазалау және оларды қысқы жағдайларда пайдалануға дайындау жұмыстары толық көлемде орындалды.

Қозғалыс қауіпсіздігі бөлімінің бастығы Мақсот Дүйсәлінің айтуынша, пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін сақтауда станциялық жолдардың жақсы болуы маңызды, оның станцияларда пойыздардың өткізу қабілетін арттыруға да үлкен әсері бар. Бөлімшеге қарасты барлық 48 станция қысқы кезеңде жұмыс жасауға дайын. Сондай-ақ резервтік электр станцияларының жұмысқа жарамдылығы және олардың отын қорымен қамтамасыз етілуі тексерілді. Жоспар бойынша 19 бірлік тексеруден өтіп, көзделген жұмыстар толық орындалды. Крандарға техникалық қызмет көрсету бойынша 2 кран тағы тексерістен өткен.  

Әрине, қозғалыс қауіпсіздігін сақтауда КТСМ құрылғыларының жол үсті жабдықтарын қысқы кезеңде пайдалануға дайындау да аса маңызды. Соған сәйкес жоспар бойынша 72 жиынтық дайындалған. Ал ғимараттар мен құрылыстардың жылыту жүйелерін жуып-шайып, қысыммен сынау жұмыстары негізінде 26 нысан сынақтан өтіп, бүгінде жылу толық көлемде беріліп отыр.  

– Жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша Атырау магистральдық желі бөлімшесі шаруашылығының 2026–2027 жылдардағы қысқы кезеңде жұмыс істеуге дайындығы толық көлемде аяқталды. Жоспарда көзделген барлық іс-шараның орындалу көрсеткіші 100% құрайды. Ғимараттар мен құрылыстардың, қазандық қондырғылардың, бағыттамалық электр жетектерінің, СЦОБ және байланыс құрылғыларының, жылыту жүйелерінің, станциялық жолдардың, жылжымалы құрамның, автокөліктің, резервтік электр станцияларының және арнайы техниканың қысқы жағдайда пайдалануға дайындығы толық қамтамасыз етілді, – дейді бөлім бастығы.