Маңғыстаудағы «ЕРСАЙ» индустриялық теңіз порты аумағында салынып жатқан контейнерлік терминалдың құрылысы аяқталуға жақын.

Теңіз, теміржол және автомобиль көлігі арқылы контейнерлік және өзге де жалпы жүктерді өңдеуге арналған терминалдың жобалық қуаттылығы жылына 120 мың ДФЭ. Бүгінде 85 пайыз жұмысы аяқталған нысан желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Заманауи нысан іске қосылғасын Қытай, Қазақстан, Каспий маңы елдері, Кавказ және Еуропаны байланыстыратын Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін арттыруға септік етпек. Жоба әлеуметтік-экономикалық жағынан да зор маңызға ие. Терминалдың толық пайдалануға берілуі 60 жаңа жұмыс орнын ашып, халықтың әл-ауқатын арттыруға да үлесін қосады.  

Нысанның үздіксіз әрі тиімді жұмыс істеуі үшін заманауи жүк тиеу-түсіру техникасы қарастырылған. Мамандардың айтуынша, терминал маневрлік локомотивтермен, жүк көтергіштігі 45 тонна болатын екі порттық рельсті тіреулі кранмен, порттық буксирмен, ричстакерлермен және айырлы жүк тиегіштермен жабдықталады. Жалпы аумағы 50 мың шаршы метрді алатын бұл жобаны қазақстандық Lancaster Group және Atasu Group компаниялары бірлесе жүзеге асыруда.  

Маңғыстау облысы баспасөз қызметінің хабарлауынша, өткен аптада облыс әкімі Н. Қилыбай терминал құрылысымен танысып, өңірдің көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамытатын жобаны сапалы және дер кезінде аяқтау қажеттігін ескертті.