«Қазтеміржолкәсіп» ҚБ «Астана» теміржол торабы кәсіподақ активінің кезекті апталық отырысы Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының «Лайықты еңбек үшін дүниежүзілік іс-қимыл күні» акциясына арналды. «Астана» теміржол торабының кәсіподақ ұйымының төрағасы Серік Сәрсекеев өз сөзінде Кәсіподақтар федерациясының аталған акцияны қолдайтынын атап өтіп, кәсіподақ активін осы бастамаға қосылуға шақырды.
Оның айтуынша, Дүниежүзілік іс-қимыл күнінің негізгі мақсаты – Халықаралық еңбек ұйымы әзірлеген және Біріккен Ұлттар Ұйымының Мыңжылдық даму мақсаттары бағдарламасы негізінде қалыптастырылған лайықты еңбек тұжырымдамасын жаһандық деңгейде кәсіподақтар тарапынан қолдау. Аталған тұжырымдама XXI ғасырдағы ХЕҰ қызметінің басым бағыттарының бірі ретінде айқындалған. 2026 жылы кәсіподақтар өз белсенділерін жұмылдырып, «Жас қызметкерлер болашақ үшін кәсіподақтарға бірігеді!» ұранымен ынтымақтастық акцияларына, тақырыптық флешмобтарға және өзге де кәсіподақтық іс-шараларға ұжымдық түрде қатысуда.
Жас мамандарды қолдау мақсатында «Қазтеміржолкәсіп» кәсіподағы «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның «100 жас есім» жобасын жүзеге асыруға қолдау көрсетті. Жобаның негізгі мақсаты – жас көшбасшыларды анықтау және оқыту, оларды Компанияның кадрлық резервіне енгізу, сондай-ақ теміржол саласы мен кәсіподақ қозғалысында жаңа бастамалар мен тың идеялардың жүзеге асуына ықпал ету. Сонымен қатар «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен оның еңбек ұжымы арасындағы 2024–2026 жылдарға арналған Ұжымдық шартта жас мамандардың еңбек ұжымына бейімделуіне, сондай-ақ олардың отбасыларын қолдауға бағытталған бірқатар нормалар қарастырылған.
Отырыс барысында қатысушылар лайықты еңбектің негізгі шарттарына да тоқталды. Олардың қатарында толық әрі нәтижелі жұмыспен қамту, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және қызметкерлерге әділ еңбекақы төлеу мәселелері бар. Лайықты еңбек – қызметкерлердің құқықтары қорғалған, еңбегі үшін тиісті табыс алуға және әлеуметтік қорғалуға мүмкіндік беретін еңбек. Отырыс соңында «Астана» теміржол торабының кәсіподақ активі Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының «7 қазан – лайықты еңбек үшін дүниежүзілік іс-қимыл күні» акциясын қолдауға арналған тақырыптық флешмобқа қатысты.