Жылыту маусымы әлдеқашан басталып кетті. Алда үш ай қыс. Шымкент жүк тасымалы бөлімшесі биылғы жылыту маусымына қатты отынды жоспарға сай тасымалдап, таратып үлгерген. Атап айтқанда, Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша бір миллион тоннадан астам көмір жеткізілген. Облыс пен қала тұрғындарына және жылыжайларға 802 мың 015 тонна көмір жеткізу жоспарланса, соның 337 236 тоннасы немесе 42 пайызы тасымалданып үлгерген.

«Көмір тек тұрғындарға ғана емес, өңірдегі цемент зауыттарына да тасымалданды, оларға 232 806 тонна көмір жеткізілді. Бюджеттік мекемелерге 147574 тонна көмір отыны жоспарланып, ол 100 пайыз толығымен орындалды. Коммуналды-шаруашылық мекемелердің жоспары бойынша 100 448 тонна бекітілген. Қазіргі күнге дейін 29240 тоннасы тасымалданды. Бүгінде көмір қоры жеткілікті», – деді Шымкент жүк тасымалы бөлімшесінің логистика және тасымалды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Нұрлыхан Қанаев.

Қатты отынның тасымалы әсіресе қыркүйек пен қазанда қарқын алып, қарашада да жалғасуда екен.