Ел аралап жүрген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских теміржолшы болған жылдарын еске алды. «КТЖ» ҰК» АҚ-да кадр даярлаудың жүйесін мысалға келтірген депутат мамандықты насихаттауға ерекше көңіл бөлу керектігіне тоқталды. Мәжіліс депутаты Ақтөбе қаласына келген сапарында зиялы қауым өкілдері, білім саласының мамандары және жастармен кездесті. Жоғары білім алған жастардың жұмыссыз қалмауына баса назар аудару керектігін айтқан мәжілісмен осы бағытта теміржол саласындағы жұмыстан мысал келтірді.

«Теміржол кадрларын дайындайтын оқу орындарында өндіріспен байланыс жақсы жолға қойылған. Алматыда, Ақтөбеде теміржолшылар дайындайтын оқу орындары бар. Олар жұмыс беруші мекемелермен тығыз байланыс орнатқан. Сұранысқа ие мамандықтарға талдама жасалады. Бұл студент үшін тиімді. Мамандық насихатталады, имидж қалыптасады. Студенттер ҚТЖ мекемелерінде практикадан өтеді, өндіріспен танысып, тәжірибе жинақтайды. Ұнатқан студентті мекеме оқу бітіргесін өздеріне шақырып, жұмыс ұсынады», – деді Геннадий Шиповских.

Қызылорда облысы Арал ауданына қарасты Сексеуіл ауылында дүниеге келген 32 жастағы депутат Қызылорда локомотив депосында машинист болған.

«Ақтөбе бізге жақын. Кезінде осы жерде оқыдым. 2016 жылы Қызылорда локомотив депосында жұмыс істеп жүрген кезде қайта тәжірибелік курсын да Ақтөбеде оқыдым. Мұнда қызметкерлердің білім жетілдіру жұмысы жақсы жолға қойылған», – деді депутат.