Семей қаласы бойынша қаңтардың 5-нен 6-на қараған түні орталық алаңдағы бейбіт басталған митингтің соңы толқуға ұласып, соңы жаппай тәртіпсіздіктермен аяқталған болатын. Бүлікшілер қалалық әкімдікті күшпен басып алып, кейбір кәсіпкерлік нысандар қиратылған еді.

 Бір қуантарлығы, басбұзарлар тарапынан теміржол инфрақұрылымдарына шабуыл жасау оқиғалары тіркелген жоқ. Жүк және жолаушы тасымалы толықтай штаттық режимде жүргізілді. Митингілер мен соңы бүлікке ұласқан жаппай толқулар кезінде бөлімшедегі барлық теміржолшылардың, әсіресе жастардың жұмыс орындарында болуы назарға алынғаны да жасырын емес. Семей магистральдық желі бөлімшесінің кадр бөлімінің басшысы Даниар Баймағұловтың айтуынша, бұл ретте ешқандай келеңсіз жайттар тіркелмеген. Соның нәтижесінде болар, облыс бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар арасында теміржолшылар жоқ.

– Елімізде толқулар орын алған уақытта Семей теміржолы бойынша құқықбұзушылық фактілеріне жол берілмеді. Қауіпсіздік шаралары жоспарлы түрде жан-жақты қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда жағдай бірқалыпты. Төніп тұрған қауіп жоқ. Кейбір жайттарды аймағымыздағы 19-шы қаңтарға дейін сақталатын  төтенше жағдайға байланысты, құпия болуы себепті айта алмаймыз. Жалпы, алаңдауға негіз жоқ. Бұл, сөз жоқ, дер кезінде қолға алынған, атқарылып жатқан іс-шаралардың нәтижесі деп білеміз, – дейді осы ретте НЖС-6 бөлімшесі бойынша азаматтық қорғаныс бөлімінің инженер-технологы Еркін Спанов.

Қазіргі уақытта ел шығысы бойынша кешкі сағат 11-ден таңғы 6-00-ге дейін коменданттық сағат енгізілген. Дегенмен өңірде лаңкестікке қарсы операциялар аяқталып, террорлық қауіптіліктің шекті «қызыл» деңгейі алынды.

Ал, өңірдегі барлық кәсіпорындар мен мекемелер штаттық режимде жұмыс жүргізіп жатқандықтан желі бойындағы станциялар бойынша жүк тиеу және жөнелту ісінде ешқандай кідіріс жоқ.