Шымкент теміржолы бөлімшесіне қарасты 40 маңызды нысан бар. Төтенше жағдайдан теміржол инфрақұрылымына ешқандай қауіп пен нұқсан келмеген. Маңызды стратегиялық нысандарды күзетуге 80 адам бекітілген.

«Кестеге сай 19 қаңтарға дейін коменданттық сағат орнатылды. Біздің бөлімшеге қарасты Машат және Ақсу өзендеріндегі көпірлер мен Қостүйін, Ақдала елді мекендерінің ортасында орналасқан Арыс өзеніндегі көпірдің күзетін күшейтуге қосымша адам бөлінді. Сондай-ақ, 6 тартымдық қосалқы станциясына да 2 адамнан күзет қойылды. Бұрын бір адам ғана күзететін. Бұдан бөлек, Желілік полиция бөліміне де байланысқа шығып, олардан да маңызды нысандарды күзетуге қосымша адам бөлуді сұрадық», – деді Шымкент магистральдық желі бөлімшесінің бас инженері Мұхтарбай Битемиров.

Жаппай тәртіпсіздік орын алған күндері Түркістан облысы бойынша 6 станция ерекше қорғауға алынған. Олар: Шымкент, Түркістан, Арыс-1, Арыс-2, Сарыағаш, Түлкібас станциялары. Себебі, бұл станциялар транзиттік, жүк және жолаушы қатынасы үшін аса маңызды.