Қызылорда қосалқы бөлімшесіне қарасты Сексеуіл локомотив пайдалану депосының машинисі Әлібек Бектұрғанов пен машинист көмекшісі Асылан Балымбет биылғы жаңа жылды тепловоз кабинасында қарсы алды.

Машинист-нұсқаушы Асылхан Ибрагимовтің пысықтау инструктажынан кейін қажетті дайындықтан өткен машинистер тепловозды тексеріп алып, асай-мүсейлерін сайлап жолға шықты. 31 желтоқсан күні Сексеуіл-Шалқар учаскесінде мерекеге орай ұйымдастырылған №205-206 «Қызылорда-Ақтөбе-Қызылорда» жолаушылар пойызын жетекке алып жолға шыққан машинист пен оның көмекшісі  үшін бұл әдеттегі көп жұмыс күнінің бірі ғана еді.

– Жаңа жылда да жолаушылаған халық көп, демалысты пайдаланып ары-бері сапарлаған елді аман-есен жеткізу – олар теміржол көлігін таңдаған соң, біздің міндетіміз. Оның үстіне бұл сапардың өзіндік қызығы бар. Жол бойындағы елді мекендер отшашуға оранып, әдеттегіден өзгеше жарқ-жұрқ етіп жатқанын көріп көңілің көтеріліп, мерекелік сезімге бөленесің, – деді тәжірибелі машинист Әлібек.

Әлібектің әкесі Бөлекбай – құрметті теміржолшы, осы салаға еңбегі сіңген орденді теміржолшы, ағасы Шүкір де машинист, ал баласы Әлихан станция кезекшісі болып әулет жолын жалғастырып келеді.

Міне, бүгін де машинист пен оның көмекшісі кезекті сапарға аттанып барады...

Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ