Қызылорда станциясы өткен жылды табысты қорытындылады деуге толық негіз бар. Өндірістік жұмыс жоспарының бекітілген шегін 107,51- 220,6 пайыз аралығында орындап, көтеріңкі осы көрсеткіштердің легін қалыптастырған станция теміржолшыларының мерейі үстем.

  Жалпы, өткен жылы 2379 вагонға 149407 тонна жүк тиеліп, 10757 вагоннан 573747 тонна жүк түсіріліпті. Пойыздық және маневрлік жұмыстар кезінде жылжымалы құрамдардың қозғалыс қауіпсіздігінің бұзылуына жол берілмеген. Сонымен қатар ұжымдағы ішкі-сыртқы тәртіптің сақталуына мән беріліп, техникалық қауіпсіздік пен еңбек қорғау талаптары толық сақталған. Қызылорда станциясының техникалық бөлім инженері Мөлдір Дәулеткелдиева жыл басынан бергі жұмыстардың да талап деңгейінде орындалып жатқанын жеткізді.

– Аймақтағы карантиндік шектеу мен соған орай талаптар негізінде жұмыс жасап келе жатқан біздің ұжымның ауызбіршілігі мен ынтымағы қандай қиын-қыстау кезеңде де сетінеген емес. Пойыз құрастырушылар мен құжат айналымын   жүргізушілердің шапшаңдығы, парк пен бекет кезекшілерінің сергектігі, керісінше, арта түскені анық. Бір қарағанда, күнделікті бірнеше құрамды қабылдап алып, одан тиісті вагонды ажыратып, жүгінен арылту үшін керекті кірме жолға жөнелтіп, енді бірін құрамаға қосып, құжаттарын рәсімдеу рет-ретімен жүріп жатыр, бірақ байқаған жанға сонау осыдан екі жыл бұрынғыға қарағанда жұмыс ырғағы әлдеқайда ширатылғаны көрінеді. Тек біздің ұжым емес, әлемдік пандемия барлық теміржолшыларды ауызбіршілікке, тиімділік пен үнемділікке үйреткен секілді көрінеді. Өйткені, техникалық және еңбек қауіпсіздігі, пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігі, ішкі-сыртқы тәртіптің сақталуы барысында да ілгерілеу бар, – дейді техникалық бөлім инженері Мөлдір Дәулеткелдиева.

Өткен жылы вагондарға жүк тиеу жоспарының 150,28 пайызға асыра орындалуы бекет теміржолшы- ларының осындай ерен еңбегінің нәтижесі екені анық, сонымен қатар, ұйымдастыра білген ұтады демекші, іс тетігі өндірісті тиімді ұйымдастыра білген кадрлардың біліктілігіне де байланысты екені дау тудырмайды.