Ақтөбе станциясындағы теміржол аумағынан желілік полиция бөлімі бір жылда жүзден аса қылмыстық әрекетті тіркеді. Сонымен қатар теміржол вокзалы аумағында бір жылда 3000-нан аса адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Тәртіп сақшылары саладағы қауіпсіздік пен теміржол мүлкінің қолды болмауы үшін бейнебақылауды көбейту керегін айтады. Сонда Мұғалжар ауданындағы Ақкемер станциясынан бастап Мәртөк ауданындағы Жайсан станциясына дейін ұзындығы 194 шақырымды алып жатқан жол телімінде орналасқан 10 станция, 9 разъезд, 8 вокзал және 1 халықаралық әуежай қауіпсіздігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік туады деп санайды тәртіп сақшылары. Бұл туралы жауапты орындарға ұсыныс та берілген.

Желілік полицияның бөлім бастығы Айбек Бекжанов жыл ішінде жолаушыларға жайлы жағдай жасау үшін теміржолшылармен бірлесіп жасаған жұмыстарды атады. Халықпен тиімді кері байланыс орнату ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару сынды мәселелер негізгі басымдықтар санатына кіретінін жеткізді. Сондай-ақ, теміржол көлігі арқылы есірткі тасымалдаушыларға тосқауыл қою мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды да атап өтті.

«Өткен жылы желілік полиция қызметкерлері теміржол бойынан есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысты 40-тан аса дерек анықтады. Оның ішінде осы теміржол арқылы ірі көлемде тыйым салынған затты тасымалдамақ болған бір адам ұсталды», – дейді Айбек Бекжанов.