Ақтөбеде теміржолшылар демалыс күндері магистраль бойын тәулік бойы жауған қардан тазарту жұмыстарына жұмыла кірісті. Құбылмалы ауа райы кезінде күндіз-түні жауған қар уақытылы тазартылып, пойыздардың кідіріссіз және қауіпсіз қозғалысы қадағаланды.

Ақтөбе магистральдық желі бөлімі басшысының орынбасары Темірғали Көштаевтың айтуынша, Никельтау, Әйтеке би, Мұғалжар, Бершүгір, Қандыағаш, Жем учаскелерінде арнайы қар тазалайтын 4 СДПМ техникасы тәулік бойы жұмыс жасаған. Нәтижесінде барлық жылжымалы құрам кестеге сай қозғалып, уақытынан кешіктірілген жоқ.

«Бүкіл қозғалыс бақылауда. Ауа райының өзгеруіне байланысты аймақтан өткен жүк және жолаушылар пойыздарының кестесінде өзгеріс болмады. Жолды қардан тазалау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Арнайы техникалар Бершүгір, Мұғалжар учаскесінде күндіз-түні қардан тазалап, жолды кеңіту жұмыстарын жасауда. Өздеріңіз білесіздер, Бершүгір, Мұғалжар деген бізде қысы қатал, қары қалың түсетін ерекше аймақ, сондықтан негізгі күшті сол жаққа жұмсап отырмыз», – деді Көштаев.

Айтуынша, Ақтөбе, Қандыағаш, Шалқар станцияларында қар тазалайтын сегіз техника жұмыс істеп жатыр. Бершүгір учаскесінде арнайы ФРЭС, МКТ техникаларының жұмысы күшейтілген. Аймақта жолды қардан тазарту жұмыстарына күндіз 138 адам, түнгі мезгілде 158 адам кезектесіп жұмыс істеп жатыр екен. Техника жолдың қарын аршыса, жолшылар стрелка бұрмаларын тазалауда.