Қармен күрес – солтүстіктегі теміржолшылар үшін ең маңызды жұмыстың бірі. Жылда қарашадан наурызға дейін жол бойын қардан тазалаумен айналысатын жолшыларға биыл табиғат-ана жеңілдік жасағандай.
Астана жол дистанциясы өндірістік техникалық бөлімінің бастығы Әлішер Сыздықтың айтуынша, биыл арқаның қысы жылы және қар да аз түскен. Тек желтоқсан айында қалың қар түскен. Бірақ соның өзі салыстырмалы түрде аз. Дегенмен, алда қыстың әлі бір айы бар екенін де ұмытпаған жөн.
– «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» демекші, биылғы қыс қарасып тұр. Әзірге қалың қар, ақтүтек боран, сарышұнақ аяз жоқ. Өткен жылдың 25 қарашасынан бастап бүгінге дейін 40080 текше метр қар шығарылды. Алғашқы күндері жол дистанциясынан бөлек құрылымдық мекемелерден қар тазалауға 178 теміржолшы жұмылдырылды. Ал біздің дистанция штатындағы 650 адамның бәрі қармен күреске шығады. Шағын станцияларда кезекшілікке тәулігіне жай күндері 2 адамнан, ал боранда 6 адамнан, Нұр-Сұлтан сияқты ірі станцияларда әр алқымда 2 адамнан жұмыс істейді. Ал бізде тек астана басында 10 алқым бар, есептей беріңіз, – дейді Ә.Маратұлы.
Айтуынша, демалыс күні жұмысқа шыққандарға жалақысына қосымша ақы төленеді.