Теміржолшылар күнделікті кәсіби міндеттеріне қоса пойыз жолды кез келген жерден кесіп өтіп өз өмірлерін қатерге тігетін адамдармен, одан қалса жолға шығып кететін төрт түлік малмен алысып, өздеріне артық жүктеме қосып алғалы қашан.

Жуырда Қызылорда станциясы бастығының орынбасары Алмас Ұзақбайұлы мен ӘТЖК Түркістан филиалы директорының орынбасары Мұхтар Кенжеғұлов, ЖІІб инспекторы майор Н.Қыдырәліұлы бастаған топ бекітілген кестеге сай станция жолдарында рейд өткізіп, жаяу жүргіншілерге қауіп-қатерді түсіндіріп, ескерту жасады.

– Теміржолдың қос қапталындағы мектепке баратын оқушылар, ары-бері қатынаған халық мынау тұрған жаяу жүргіншілерге арналған көпірден өтпей, реті келсе үйлерінің тұсынан жолды кесіп өтіп кеткілері келіп тұрады. Ескертуді елең қылмайды. Қаншама рет ол мектептерге барып теміржолдың аса қауіпті аймақ екенін, оны ретті-ретсіз кесіп өту өз өмірлеріне қауіпті екенін түсіндірдік, видеоматериалдармен көрсеттік, алайда келеңсіздік тыйылар емес, – дейді станция бастығының орынбасары Алмас Ұзақбайұлы.

Иә, айтары жоқ, қанша адам пойыз астына түсіп ажал құшты, біреулер абайсызда, асығыстықпен қадам жасаса, жастар жағы құлақтарын сымсыз телефонның бауымен бітеп алып пойыз даусын естімей қапы қалады. Ал енді бір топ әлеуметтік жағдайға байланысты депрессияға түсіп, немесе қандай да бір дертке шалдығып, психологиялық ауытқушылықтан, отбасындағы тұрақсыздық пен әлеуметтік жағдайдың төмендігі секілді жағдайлардан өмірден өз еркімен баз кешіп жататыны да кездеседі. Олар өмірден өтудің оңай жолы ретінде пойыз жолын таңдайтыны өкінішті. Рейд кезінде жол қысқарту үшін станцияның оңтүстік алқымындағы жолдарды кесіп өтіп бара жатқан 1965 жылы және 1999 жылы туған екі азаматқа қатаң ескерту жасалды. Екінші рет қомақты мөлшерде айыппұл салынатыны да ескертілді.