Ақтөбе станциясының желілік полиция бөлімшесі жыл басынан бері 29 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Соның ішінде вокзалда суық қарумен жүргендер ұсталған.
14 қаңтардан бастап аймақтағы теміржол сақшылары тұрақты түрде «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп келеді. Мақсат – әуе және темір жол нысандарында құқықтық тәртіпті және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту.
«Шара аясында Ақтөбе теміржол вокзалында 2 суық қару тәркіленді. Жолаушылар өміріне қауіп төндіруге жол берілген жоқ. Және ҚР көші-қон заңнамасын бұзған 5 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ақтөбе қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен 3 азамат ҚР аумағынан шығарылды», – деп хабарлайды Ақтөбе станциясы желілік полиция бөлімінің баспасөз қызметі Роза Төлегенқызы.
Сонымен қатар, теміржол сақшылары станция аумағында азаматтардың масаң күйде жүрген 20 жағдайын тіркеген.