Теміржолшыны салалық кәсіпке бейімдеп, олардың біліктілігін шыңдау, мамандыққа оқыту, тәжірибесін арттыру мақсатында кешенді шаралар жүргізіледі. Жуырда шиелілік жолшылардың білім деңгейін тексеретін сынақ өтті.
Қызылорда жол дистанциясының Шиелі станциясындағы 4-өндірістік телім, жасанды құрылыс, транспорт блогында еңбек ететін 87 теміржолшы емтиханнан сүрінбей өтіп, өз ісінің нағыз мамандары екенін дәлелдей білді. Олар еңбек қорғау, электр қауіпсіздігі жайлы білім мен тәжірибелерін көрсетті.
– Дистанция жұмысшыларының білімі мен біліктілігін бақылау жыл бойы кезең-кезеңімен жүргізіледі. Емтихан алдында олармен мамандар тарапынан техникалық, теориялық-практикалық сабақтар өткізіліп, білім жетілдіру дәрістері өтеді. Оқу курстары аяқталған кезде осындай арнайы комиссия тобының алдында алған білімдері сарапқа салынады. Бүгінгі сынаққа қатысқандардың барлығы жақсы нәтиже көрсетті, – деді еңбек қорғау және техникалық қауіпсіздік инженері Майра Бадрақова.
Сонымен қатар, сынақ тапсыру аяқталған соң телімнің майталман жол жөндеушілері Бақтай Байсынов «Адал еңбегі үшін», Дәуренбек Бисекеев «Кәсібі бойынша үздік» төсбелгісімен марапатталуы жолшылар ұжымы үшін қуанышты оқиға болды.
– Марапат иелеріне берілген төсбелгі олардың дистанцияның өркендеуіне қосқан үлестері мен ерен еңбектерін паш етеді. Әріптестер бір-бірін шын көңілден құттықтап, марапат барлық шиелілік жолшылардың мерейін көтергеніне куә болдық, – дейді кәсіподақ өкілі Ғалия Ноғайбаева.
