Қызылорданың іргесіндегі Белкөл станциясындағы былық туралы айтылып та, жазылып та жатқалы біраз уақыт болды. Алайда жағдайдың түзеле қойғаны шамалы дейді мамандар.

  Мәселе – сапардан оралған жолаушылар вагондары осы бекетте күту пунктіндегі аялдамада тұрған кезде жолсеріктердің көмір қалдығын түсіріп кетуі тыйылмай отырғаны. Вагонның тұрған орнына төгіп тастап кететін күл-қоқысты жинау, арнайы орындарға төгу жайында жолаушы тасымалымен айналысатын мекемелерге талай құлаққағыс етіп, бірнеше мәрте қатынас хат та жазылған. Жағылған көмірдің күлі мен тұрмыстық қалдық құрамында экологияға қауіпті заттардың болуы әбден мүмкін. Ол ол ма, бекетке техникалық аялдама жасап, биоәжетханаларды тазалайтындар оны да сыртқа төгіп кетеді екен.

– Белкөл станциясының күту пунктіне аялдаған жолаушылар пойызы жолсеріктерінің бұл әрекеті осы телімдегі жолшылар қауымын қатты алаңдатады. Себебі төгілген көмір күлінің құрамында сөнбеген шоқ, шаласы болуы мүмкін. Ал ол шпал үстіне түсіп, өрт тұтанса не болмақ? Тіпті өртеніп кетпесе де рельстің, темірбетон шпалдың балқып өзгеріске ұшырап, сапасының бұ- зылуына бірден-бір себеп болады. Мұның алдын алу жұмыстары жасалғанмен, нәтиже болмай тұр, – дейді Магистральдық желі бөлімшесі өнеркәсіптік қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау бөлімі маманы Ұлжалғас Аманкелдіқызы.

Сондай-ақ, вокзалға жақын төңіректе тұратын тұрғын- дардың тұрмыстық қалдықтар мен күл-қоқысты да жол маңына төгіп кететіні аз емес екен.