Қандыағаш жол дистанциясының мамандары дабыл қақты. Темір жол бойында қараусыз малдың қыста да азаймай отырғаны пойыздар қозғалысы қауіпсіздігіне қатер төндіріп отыр екен.

Теміржолшылар стратегиялық аймақта бөгде адамдардың, қараусыз малдың жүруі жүк және жолаушылар пойыздарының шұғыл тоқтауына себеп болып отырғанын хабарлады. Кандыағаш жол дистанциясы аумағына кіретін Қандыағаш-Жем, Қандыағаш-Сағыз, Қандыағаш-Никельтау бағыттарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолшыларға оңайға түсіп отырған жоқ. Соның ішінде Рзд 48, Жұрын, Рзд 313, Рзд 315, Темір, Жақсымай, Шұбарқұдық, Рзд 102, Кенжалы, Карауылкелді, Рзд 174, Жарлы, Ноғайты, Рзд 236 маңында жекеменшіктің және шаруа қожалықтарының малдары темір жол бойында қараусыз жайылуы жиілеп кеткен.

– Темір жолда құрамдардың бес-он минут кідірісі тұтастай аймақтағы қозғалысқа әсер етеді, кесте бұзылады. Қандыағаш жол дис- танциясы тарапынан осы елді мекендерге қауіп-қатердің алдын алуға байланысты талай шаралар қолға алынып, ескертулер де берілді. Жергілікті әкімдіктегілер мал бағу ережесін қарастырып, оларды жаю орындарын белгілеп, оны қатаң сақтауға мал иелерін міндеттеу керек деп санаймыз. Өйткені, теміржол бойындағы қараусыз малдың артында ең бірінші – қауіпсіздік, экономикалық-материалдық шығындар жатқанын естен шығармаған абзал, – дейді Қандыағаш жол дистанциясының бас инженері Ахметқали Берденов.

Сонымен қатар, бас инженер биылдан бастап жол бойында ереже бұзғандарға нақты әкімшілік шаралар қолданылатынын хабарлады. Яғни, 2022 жылдың қауіпсіздікке қатысты іс-жоспарына сай теміржол қозғалысына кедергі келтіргендерге ҚР «Әкімшіліктік құқық бұзушылық» туралы Кодексінің 559-бабы 1-тармағына сәйкес 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу қарастырылған. Сонымен қатар, әкімшілікпен бірлесе отырып жолға шыққан малды айдап алып келіп қамайтын қора салу жұмыстары жүргізіледі. Теміржолшылар бұл бастамалардың қараусыз мал жағдайын шешудің бір жолы екенін, ауыл тұрғындары, соның ішінде шаруа қожалықтарының иелері қоғам алдындағы жауапкершілікті сезініп, малдарын қараусыз қалдырмайтынына үміт артады.