Маңғыстаулық теміржолшылардың малдың жолға шығуына қарсы жасап жатқан әрекеті нәтиже беруде. Өткен жылмен салыстырғанда төрт түліктің жолға шығу деректері сәл де болса азая бастаған.
Өткен қаңтар-ақпан айларында Маңғыстау жол дистанциясы аумағында пойыз машинистері малды баспас үшін 11 рет шұғыл тежегіш қолданған. Былтыр бұл мерзімде 17 оқыс тежеу тіркелген. Биыл 4, ал былтыр 6 ірі қара малды пойыз басқан. Теміржолшылар мен желілік полиция өкілдерінің жедел әрекет етуі нәтижесінде басылған төрт малдың да иесі табылып, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 30-тарау 559-бабы 1-бөлігіне сәйкес ескерту берілген. Бұл аталған деректер 11-12 және 12-13 Ақбөбек бекеті мен Бопай станциясы аралықтарында орын алған.
Дистанция маманы, сондай-ақ, биыл 70 шақырым малға қарсы қоршау тұрғызу жоспарланып отырғанын жеткізді. Қоршау 11-12 және 14-15 бекеттер аралықта- рына салынатын көрінеді.