Соңғы кездегі жағдай бойынша эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес «қызыл» және «сары» аймақтарға жататын өңірлер жоқ. Барлығы «жасыл» аймақта. Дегенмен, Маңғыстау бөлімшелік көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары арқаны кеңге салуға әлі ерте екенін ескертеді.

Мамандардың сөзіне сүйенсек, коронавирус инфекциясының тіркелуі әлі де тоқтаған жоқ. Аурудың қай мезгілде күрт өсуін болжау да қиын. ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің өткен жылғы 15 қарашадағы COVID-19-ға қарсы халыққа ревакцинация жүргізу туралы қаулысы бойынша былтырғы қараша айынан бастап жүргізіліп жатқаны белгілі. Бүгінгі күнгі ақпарат бойынша, өкінішке орай, вакцинаның 3 дозасын алушылар аз екен.

«Сондықтан теміржол мекемелерінің басшылары осыны ескеріп, жұмысшылардың ревакцинация алуына ықпал етеді деп ойлаймыз. Бұл тұрғыда біздің қызметкерлер апталық талдау жасап, осы наурыз айында теміржолшылармен семинар, дөнгелек үстел және кездесулер өткізуді жоспарлауда. Инфекцияны таратпаудың бірден-бір жолы – оның профилактикасы», – дейді Маңғыстау бөлімшелік көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Жәния Ешматова.