Пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуде инфрақұрылымның талапқа сай болуы шарт. Кеше қызылордалық теміржолшылар алты сағаттық толаскез алып, екі бірдей бағыттамалы бұрманы заманауи құрылғымен ауыстырды.
Бөлімшенің оңтүстігіндегі Талап станциясында өткен толаскез жұмысын Қызылорда белгі беру және байланыс дистанциясы бастығының орынбасары Аянбек Бостанбекұлы мен телім басшысы Мақсұт Өмірзақов басқарды. Станцияның басты жолындағы №6-8 бағыттамалық бұрмаларды Альстом құрылғысымен ауыстыру барысында технологиялық талаптарға сәйкес өлшемдердің дәл, нақты, сенімді түрде алынып бекітілуі басты назарда ұсталды.
– Бағыттамалық бұрманы ауыстыру жұмыстары белгіленген кесте жоспары бойынша жүргізілуде. Жылжымалы құрамдардың қозғалысына жауапты мамандардың толаскезге рұқсат берген уақытын тиімді пайдалану үшін алдын ала дайындық жасап алдық. Мұнда бағыттамалық бұрмаға пойыз қарсы бағытта келе жатқанда қажетті жолға бұрылу үшін пайдалану ережесіне сай бұрма үшкірінің рельске жанасатын ұшы мен рельс арасындағы аралық 2-4 мм өлшемінде болуы шарт саналады. Сондықтан телім басшысы Мақсұт Өмірзақовтың басшылығымен аға электромеханик Бақытжан Рзаев, электромеханик Бауыржан Асқаров өлшем жұмыстарын жасап, бақылаудан өткізді. Жалпы толаскезге берілген уақыт ішінде барлық жоспарлы жұмыс толық игерілді, – деді дистанция бастығының орынбасары Аянбек Бостанбекұлы.
Көктемнің келуімен аймақта жол шаруашылығын сауықтыру жұмыстары алдағы уақытта да жоспарға сай қарқынды жүргізілмек.