Маңғыстаулық тәжірибелі вагон қараушы Берік Ізденовтің айтуынша, ақау табуда дыбыс айрықша маңызға ие. Жақында жүк пойызының вагонынан ақау тауып, қауіпсіздіктің сақталуына кезекті рет үлес қосқан ол «Адал еңбегі үшін» және «Қозғалыс қауіпсіздігі үшін» төсбелгілерімен марапатталған теміржолшы.

  Маңғыстау ЖТ бөлімшесі директорының орынбасары Ерлан Бүркітов Беріктің еңбегін жоғары бағалады. «Бүгін Маңғыстау станциясындағы ВЧД-33 техникалық қызмет көрсету пунктіне «Қауіпсіздік күні» тексерісімен бардым. Бұл жолы аға вагон қараушы Ерлан Ерековтің ауысымы жұмыс істеді. Ағымдағы жылдың 8 наурызында №2774 жүк пойызын техникалық қызмет көрсету кезінде вагон қараушы Берік Ізденов жүк тиелген вагонда қозғалыс қауіпсіздігіне қатер төндіретін ақау – доңғалақ жұбы дискісінің жарықшағын тапқан. Темір жолдың әрбір қызметкері өз энергиясын, таланты мен еңбекқорлығын жұмыста жоғары нәтижелерге қол жеткізуге, сондай-ақ саланы техникалық-технологиялық дамытуға жұмсауы тиіс, біз өз қызметкерлерімізбен мақтанамыз» деп жазады ол әлеуметтік желідегі парақшасында. Пойыздар қозғалысына ауыр зардап әкелуі мүмкін апаттың алдын алған қырағы теміржолшы Берік Ізденовтің вагон шаруашылығында еңбек етіп жүргеніне биыл 22 жыл. Бір бұл емес, осы аралықта қанша вагонның «сырқатын» анықтап, апаттың алдын алды.

– Күндізгі ауысымда вагондарға тексеру жүргізіп келе жатып, вагон доңғалағын балғамен ұрғанда анық таза емес, құмық дыбыс шыққанын байқап, анықтай келе дискте жарықшақ бар екенін таптым. Ақаусыз болса, ұрған кезде хрустальдай таза дыбыс шығуы керек. Сондықтан ақау табуда тек көздің қырағылығы ғана емес, құлақтың да дыбыстарды ажырата алуы маңызды, – дейді ол.

Еңбек жолын слесарь болып бастаған Берік қазір 6-разрядты вагон қараушы.