Көліктегі полиция департаменті Маңғыстау желілік ішкі істер бөлімінің Сай-Өтес станциясындағы қызметкерлері теміржолшылармен кездесу өткізіп, бірлесе жұмыс істеу жолдарын талқылады.

Олар теміржолшылармен кездесуде ағымдағы жылдың 10-17 наурыз аралығында өткен «Мигрант» жедел профилактикалық іс-шарасы кезінде елде заңсыз жүргендерді анықтап, заңсыз көші-қон арналарының жолын кескен оқиғалар туралы айтып берді. Көші-қон ережелерін бұзған шетелдіктер және шетелдік жұмыс күшін тарту ережелері бұзылған жағдайда заңда көрсетілген тәртіппен қандай шараға тартылатынын да атап көрсетті.

Сонымен қатар 25 қаңтардан бері «Қару» жедел профилактикалық іс-шарасы өтіп жатқанын хабарлап, соған сәйкес заңсыз қару сақтау деректері болса, тәртіп сақшыларына хабарлап, оқ-дәрілерді тәркілеу және оларды сатып алу көздерін, оны заңсыз жеткізу арналарын анықтау бойынша теміржолшыларды бірлесе әрекет етуге шақырды.

– Заңсыз қару сақтау және алып жүрумен айналысатын тұлғалар мен ұйымдасқан қылмыстық топтарды әшкерелеу, отты атыс қаруымен жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында осындай профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Осыған орай егер кімде-кім жоғарыда айтылғандай заң бұзушылықтарды көрсе немесе білсе, дереу ішкі істер органдарына хабарлауын сұраймыз. Теміржолда жолаушылар көлігімен адам көп жүретіндіктен мұндай деректерді анықтауда теміржолшылардың рөлі ерекше болуы тиіс, – деді Сай-Өтес ст. ЖПб басшысы Нұрлыбек Рахметов.