Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінде «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесі ашылды. Енді партия басшылары мен депутаттардың осында қоғамдық қабылдау өткізу мүмкіндігі бар.

Бөлме бөлімше ғимаратының төртінші қабатында орналасқан. «AMANAT» партиясы Мұнайлы аудандық филиалының атқарушы хатшысы А.Ахмедов қоғамдық қабылдау бөлмесінің жұмысын жүргізуді Маңғыстау темір жолы бастауыш партия ұйымы төрағасының орынбасары Е.Қожахметовке тапсырды.

– Мұндағы қабылдау партия кестесі бойынша жүргізіледі. Депутаттар, партия қызметкерлері, әкімдік өкілдері де келіп, азаматтарды қабылдап, мұң-мұқтажын тыңдайтын болады. Тағы бір айта кетер нәрсе, бұл жерде тек теміржолшылар үшін қабылдау жүргізіледі деп түсініп қалмау қажет. Барлық тұрғындар түрлі мәселемен келулеріне болады. Осында олардың мәселелері жан-жақты қаралып, заң аясында шешу бағытында жөн сілтеліп, жауап беріледі, – дейді бұл жөнінде Маңғыстау темір жолы «Аманат» партиясы бастауыш ұйымының төрағасы Болат Дүйсәлиев.