Сәуірдің 4-і күнгі мәліметтер бойынша Семей ЖТ бөлімшесінің аумағында теміржол төсемдерін су шаю фактілері тіркелген жоқ, деп хабарлайды Rail-news.kz.

Қазіргі уақытта өңірдегі қар аса жылдам қарқынмен еріп жатыр. Әуеден бақылау жүргізген төтенше жағдайлар басқармасынан алынған мәліметтер бойынша облыстың қар басқан аумағы 73%-дан 66%-ға дейін азайған. Сонымен қатар, теміржол көпірі бар бірқатар шағын өзендердегі мұздың еруі байқалады. Әсіресе, Локоть-Семей және Шемонайха-Өскемен-1 станциялары аралығындағы өзендер мен су қоймаларындағы гидрологиялық ахуал біршама алаңдатып тұр.

Дегенмен, теміржолшылар тәуліктік кезекшілік орнатқан. Желі бойына бақылау жүргізу локомотив бригадаларына да тапсырылған. Жол диспетчерлері де қырағылық танытуда. НЖС-6 басшысы Айдын Шәукежановтың төрағалығымен құрылған арнайы штаб қарқынды жұмыс жүргізуде, әрбір станциядағы ауа температурасы мен желдің жылдамдығы, тіпті телімдер бойындағы өзен-көлдердегі су деңгейі де сағат сайын жаңарып тұр. Егер тосын жайт туындар болса, теміржолшылар басшылық келісімімен бірден стандартты емес жағдайда жұмыс істеуге даяр.

– Жалпы, ел шығысы бойынша су тасқынының алдын алуға 104 мың дана қап, 6,7 мың тонна инертті материал дайындалған. Техникалар мен мотопомпалар да сақадай сай. Сонымен қатар, теміржол көпірлері мен желі бойындағы құбырлар толықтай қар мен қоқыстан аршылған, – дейді бұл орайда Семей магистральдық желі бөлімшесінің жол бөлімінің басшысы Қайыргелді Ахметжанов.