Маңғыстау темір жолындағы көктемгі комиссиялық байқау биыл Бейнеу-Тассай бағытынан басталды, деп хабарлайды Rail-news.kz.

Маңғыстау бөлімшесінің бастығы Нәжімеден Ғұбашов жетекшілік еткен топ құрамында бөлімше басшыларынан бөлек, бас инженер, қозғалыс қауіпсіздігі департаментінің салалық ревизорлары, бөлім басшылары мен сектор меңгерушілері, заңгер мен кәсіподақ ұйымының өңірдегі өкілі де бар. Комиссия мүшелері 4 сәуір күні түстен кейін Маңғыстау станциясынан Бейнеу бағытына жолға шықты. 5 сәуір таңғы сегізде тоғыз жолдың торабы Бейнеу станциясында көктемгі байқауға кірісті. Алғашқы нысан Сағыр бекеті болды. Онда нысандар мен мекемелердің жазға дайындығы қаралып, кем-кетігі пысықталды. Келесі күнгі жұмыс Бейнеу-Оазис бағытына ауысты.

– Бейнеу-Тассай желісі бойындағы тексерістер кезінде байқағанымыз, жалпы теміржолшылардың жағдайы жаман емес. Жол бағыттамалық бұрмалар, басқа да инфрақұрылымдық нысандар да қанағаттанарлық деңгейде. Мамандардың даярлығы да жақсы. Осы желі бойындағы 11 бекетте болып, алдағы жазғы тасымалға жұмыс істеуге дайындықтарын сарапқа салдық, халықтың ахуалымен таныстық. Алда тағы 49 бекет бар. Қазір Бейнеу айналым депосындағы жұмыстармен танысудамыз. Ертең Бейнеу-Құлсары теліміне қарай ойысамыз. Ауа райы құбылып, шаң борап тұр. Десе де, ол жұмысқа кедергі емес, – дейді комиссиялық байқау барысынан ақпарат берген Маңғыстау қосалқы бөлімшесінің техникалық бөлім басшысы Ернар Айдарханов.

Бейнеу-Құлсарыдан кейін 8 сәуір күні кезек Бейнеу- Маңғыстау учаскесіне келеді. Бұл телімде 1,2,3,4,5,6,7-бекеттер мен Үстірт және Сай-Өтес станциялары орналасқан. Ал одан кейін комиссиялық топ бағытты Маңғыстау-Сай-Өтес және Маңғыстау-Өзен-Болашаққа қарай бұрады. Байқау жоспар бойынша 15 сәуірге дейін жалғасады. Сосын Маңғыстау станциясында қорытынды жиын өтеді.