Маңғыстаудың шет жақтағы, халқының басым бөлігі мал ұстайтын Жармыш ауылында желілік полиция өкілдері мен теміржолшылар тұрғындармен кездесу өткізді.

Жергілікті әкімдік қызметкерлерімен бірге ауылдағы үйлерді аралаған олар тұрғындарды теміржолдағы қа- уіпсіздік ережесімен таныстырып, мал бағуда ескеретін жайттарды түсіндірді. Теміржолға жақын жайылған төрт түлікке төнетін қауіп-қатер, қарапайым шарттарды елемей, малды қараусыз қалдырудың салдарынан мысалдар келтірілді. Биыл, мысалы, Сай-Өтес желілік полиция бөлімшесінің қызмет көрсету аумағында пойыздар 16 шұғыл тежеу беруге мәжбүр болған. 12 жағдайда қауіпсіздікке қатер төндірген мал иесі анықталып, әкімшілік жазаға тартылған.

– Өткен жылдың сәйкес мерзімінде 24 рет шұғыл тежеу беріліп, 19 мал пойызға басылған еді. Биыл тежеулер саны 8 дерекке азайды. Демек, «Теміржол көлігі туралы» және басқа да нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес нұсқаулықтар бойынша мал жаю- дың ережелерін үздіксіз түсіндіріп, әкімшілік шара, айыппұл туралы ескертулер халыққа аз да болса әсер еткен шығар деп ойлаймыз, – дейді Сай-Өтес станциясындағы желілік полиция бөлімшесінің бастығы Нұрлыбек Рахметов.