Ағайынды теміржолшылар тазы баптап, ұлттық құндылықты ұлықтап жүр

Аймақтар
19.03.2023, 14:23
Суретті түсірген автор
Ерман Әбдиев

Тараз қаласы бойынша меншікті тілші

Жамбылдық ағайынды теміржолшылар – Мақсат пен Бағдат Абатовтар қазақы тазы баптап, «шырғаға» салып жүр. Мақсат – Тараз станциясында маневрлік диспетчер болса, Бағдат – Жамбыл вагон жөндеу депосында ауысым шебері.  

Қала іргесіндегі Жамбыл ауданы Өрнек ауылында туып-өскен ағайындылар бала кезден «жеті қазынаның» бірі – қазақы тазыны баптап, көкпар шауыпты. Бүгінде қара шаңырақта отырған кенжелері Фархат көкпар шабатын ат пен төрт тазыны баптап, бауырлары жарыстарға салып жүр екен.

– Қарапайым шопанның баласымыз. Сондықтан да болар, бала кезден малсақ болып өстік. Көкпар шаптық, тазы жүгіртіп, дүбіріне делебеміз қозып кететін. Әкем Ауданбек әрі саятшы болды. Үйде төрт тазы ұстайтын. Ұмытпасам, тоқсаныншы жылдардың соңында болу керек, Жуалы ауданына бір тойға бардық. Ол кезде той дегеніңіз үй ауласында болатын. Бір кезде аяғымды бір нәрсе түрткендей болды. Қарасам, тазының күшігі, аяғымды жалап тұр. Тазыны танимыз ғой, әлгі күшікті көріп есім ауды да қалды. Ақыры сол күшік біздің үйден табылды. Үйде төрт тазы болатын, әкем «не ғыласың мұны көбейтіп» деп ренжігенімен, әлгі күшікті көрді де «е, мынауың дұрыс күшік екен» деді. Ол кісі де иттің болмысына, дене бітіміне қарап айтса керек. Сол «Ұшар» тазының бойы 80 сантиметр болып өсті. Сұлу еді, ақылды еді. Алдына тамақ келгенде бас салмай, менің «бұйрығымды» күтіп отыратын. Негізі қазақы тазы – жарғаққұлақ және шашаққұлақ болып екіге бөлінеді. Ұшар – жарғаққұлақ болатын. Бірақ алғашында жүгірмеді, аңға да түспеді. Тазының алты айлығында тісі түседі, міне содан кейін «шарғыға», аңға сал. Сөйтсем, Ұшардың бойы биік болғанымен, әлі күшік екен ғой. Кейін тісі түскен соң өнердің бәрін көрсетті. Алғаш үй қоянына салып, баулыдым. Қателік осы жерде болды. Қоянды басқан кезде «тістеме» деймін, жібере салады. Кейін аңға шығып жүргенде қоянды қуып тауып алады, бірақ мен жақындағанда жібере салатын болды. Бірде, күздің суығында қорадағы малға түз тағысы түсті. Ол кезде Ұшардың аңға түспеген кезі. Бірақ аңдамаса керек, бірден ортаға түсіп, қасқырмен алысып, лақтырып жібергені. Сөйтіп, қорадағы малды аман алып қалды. Бұған әкем риза болып жүрді. Ел ішінде қауесет жата ма? Бұл жай аңыз болып елге тарады. Тіпті, Ұшарға құлынды бие беріп, сұрағандар да болды. Мұндай әккі тазыны кімге бересің, өзімде қалды. Өкініштісі, сол көз тиді ме, әлде басқа ма, кейін құрт түсіп, ауырды. Ауылдағы ветеринардан дәрі алып беріп жүрдім. Бірақ ем болмады, өліп қалды, әлгі ветеринар дәріні қанша мөлшерде беру керек екенін ескертпеген екен, – дейді Мақсат Абатов.

Қазір жігіттердің баптауындағы тазылардың ішінде иттің төресі «Таймас» болып тұр. Ол – бұған дейін көрші Шымкент, Түркістан, Балқаштағы жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп, «көрермен көзайымы» болған тазы. Балқашта өткен тазы жарысында бас жүлдеге құны 4,5 миллион теңге болатын сәйгүлік тігіліпті. Расында, бүгінгі күні мұндай жарыстар тек жекелеген демеушілердің қолдауымен ұйымдастырылып жүр екен.

– Аталарымыз «Итте алты жасар баланың миы болады» дейді. Бұл рас әңгіме. Осы Таймасты баптар кезде мен онымен кәдімгідей сөйлесетінмін. Шоколадты майдалап, «бұйрықтар» беріп үйреттім, баулыдым. Қазір «шырғаға» да, аңға да саламын. Ақылды тазы. «Аң айлалы келеді» дейді тағы қазақ. Аңға шыққанда Таймас айлалы аңның алдын орап алады. Талай түлкі, қоян, шибөрі алды. Тазы аттың алдына түсіп жүрсе – ақылдылығы, ал аттың артында жүрсе, онда үміт күтпей-ақ қой, – дейді теміржолшының үлкені.  

Ағайынды теміржолшылар тек тазы баптаумен ғана емес, сонымен қатар тазы жүгіртіп, «шырға» салу ісін мықтап қолға алып отыр. Бұған дейін жамбылдық тазы асыраушылар мұндай жарыстарға тек сыртқа шығатын. Енді Мақсат ұйымдастыру шараларын қолға алса, Бағдат құжаттарды сауатты рәсімдеумен айналысуда. Жарыстарды өткізетін жерді де нақтылап алған. Және тазыға құжат алуды да осы жігіттер бастады. Алдағы уақытта қоғамдық бірлестік ашып, патенттеп, бұл игі шараны ширатып, питомник ашу жоспарлары бар. Әзірге ғаламтордан қажетті мәліметтер жинап отыр.

– Жыл басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақы төбеттер мен тазыны қолдау, дамыту жөнінде Жарлыққа қол қойды. Негізі қазақы тазы әмбебап келеді. Ол иісшіл, епті, әккі. Бұған дейін ресейлік және шетелдік тазы асырап келгендер енді қазақы тазыға қызығушылық танытуда. Сондықтан алдымен қазақы тазының қанын тазарту керек. Қолдау, дамыту осы жерде керек. Құжат алуда да кедергілер бар. Яғни аңшылық құжатын сұрайды. Аңшылық, саятшылық құрмаса да, ұлттық құндылық деп тазы асырап отырған азаматтар бар. Бір ғана «Өрнек» ауылында 60-70 қазақы тазы бар. Бірнеше күн бұрын ауылдастар арасында ұйымдастырылған «шырға» салуға 28 тазы қатысты. Енді есептей беріңіз, облыста қанша екенін?! «Шырға» салу, жүгірту, саятшылық құру – бұл ұлттық өнер, құндылық. Атадан мұра болып келе жатқан дәстүрімізді үзбей, кейінгі ұрпаққа аманаттау – азаматтық парызым, – дейді Мақсат Абатов.

 

ҚТЖ келбеті
26.07.2025
ҚТЖ машинисі ТМД елдері арасында кәсіпқойлар чемпионатында жүлделі орынға ие болды
Жаңалықтар
25.07.2025
Теміржолшылар өткелдерде рейд жүргізуде
Жүк тасымалы
25.07.2025
Тариф өсімі: кімге тиімді, кімге тиімсіз?
Инфрақұрылым
25.07.2025
Шымкенттегі теміржол өткелінде төрт жолақты көпір құрылысы қарқын алды
Аймақтар
25.07.2025
Жұмыла көтерген жүк жеңіл
Аймақтар
25.07.2025
Ұлы Абайдың ізімен...
Спорт
25.07.2025
ЦЖС командасы шағын футбол турнирінің жеңімпазы атанды
Жаңалықтар / Мұрағат
25.07.2025
Қазақстан теміржолшысы газеті, №56 25 шілде 2025 жыл
ҚТЖ келбеті
24.07.2025
Астанада локомотив бригадалары арасында байқау өтті
Аймақтар
24.07.2025
Семей жол дистанциясында еңбек жағдайы жақсаруда
Қауіпсіздік
24.07.2025
Балалар қауіпсіздігі бәрінен маңызды
Жолаушылар тасымалы
24.07.2025
«Астана-Павлодар» қала маңы электр пойызының қозғалыс кестесі жаңартылды
Қауіпсіздік
24.07.2025
Машинист дер кезінде әрекет етіп, жолдағы әйелді аман алып қалды
Әлеумет
23.07.2025
Жаз қызығы жалғасуда
Әлеумет
23.07.2025
Медициналық пойыз Қостанай ауылдарына қызмет көрсетіп жатыр
Әлемде
23.07.2025
Орталық Азия Ауғанстанды үнді мұхитына шығатын дәліз ретінде көреді
Жүк тасымалы
23.07.2025
Орта дәліз: Қытай, Қазақстан және Әзербайжан ынтымақтастығы күшейе түсті
Әлемде
23.07.2025
Ұлыбританияда Stadler 99 сериялы жаңа локомотиві таныстырылды
Жаңалықтар
23.07.2025
ҚТЖ бөгде адамдардың темір жолға шығуының алдын алуда
Жүк тасымалы
22.07.2025
Шаньси провинциясынан алғашқы контейнерлік пойыз Орта дәлізбен Әзірбайжанға жөнелтілді