Абай облысында ҚТЖ басшылығы мен өңірдің жүк жөнелтушілерінің қатысуымен кеңес өтті, деп хабарлайды Rail-news.kz.

Күн тәртібінде ішкі нарық үшін тасымалдарды үздіксіз қамтамасыз ету және экспорттық бағыттардағы тасымалдарға сұранысты қанағаттандыру мәселелері тұрды.

2024 жылдың 7 айында Абай облысы бойынша жүк тиеу 6,1 млн тоннадан асты. Облыс ішінде теміржол көлігімен тасымалдау 4%, яғни 4,8 млн тоннаға дейін өсті. Экспортқа 1,3 млн тонна жөнелтілді.  

Кеңесте әкімдікпен бірлесіп ЖЭО мен тұрғындарды қатты отынмен қамтамасыз ету бойынша ҚТЖ жоспарлы жұмысы атап өтілді. Барлық ЖЭО-да қатты отынның қажетті қоры бар. Теміржолшылар қоймалардағы көмір қалдықтарына мониторинг жүргізуде.  

Осы жылдың 7 айында "Қаражыра" АҚ көмір разрезінің 3,3 млн тонна қатты отыны тиелді. Ел ішінде көмір тасымалдау 2%, яғни 3 млн тоннаға дейін өсті. Экспортқа 340 мың тоннадан астамы жіберілді. Қаражыра кен орнының көмірі Өзбекстанға, Беларуське, Ресейге және Қырғызстанға жөнелтіледі.  

Дегелен – Ақсу-1 – Семей учаскесі бойынша теміржолшылар ауыр жүк пойыздарының тоқтаусыз өтуін ұйымдастырды, бұл локомотивтердің жұмысын оңтайландыруға мүмкіндік берді.  

Кеңеске қатысушылар жұмыстағы үйлесімділіктің маңыздылығын және тасымалдау процесін ұйымдастыруда бірлесіп үйлестіру қажеттігін атап өтті.