Қызылордалық теміржолшылар Наурыз мейрамын жоғары деңгейде атап өтті

Аймақтар
25.03.2025, 09:22
Суретті түсірген автор
Сабырхан Сейілбекұлы

Қызылорда облысы бойынша меншікті тілші

Қазақтың ең ұлық мерекесі – Наурыз мейрамы Қызылорда өңірінде ерекше сән-салтанатпен тойланды. Теміржолшылар қауымы да бұл мерекені мазмұнды әрі жоғары деңгейде атап өтті.

Наурыз – ынтымақ пен бірліктің, молшылық пен берекенің символы. Мұны терең ұғынған Қызылорда магистральдық желі бөлімшесінің теміржолшылары Ұлыстың ұлы күнін он күн бойы түрлі ұлттық дәстүрлермен ұштастырып атап өтті. Ал, 22 наурыз күні Өнер орталығы алаңында облыстық деңгейдегі "Наурыз-берекем, Наурыз-мерекем" атты мәдени-көпшілік шарамен жалғасты.

Мерекелік жиынға Қызылорда магистральдық желі бөлімшесінің теміржолшылары шақырылды. Бөлімше басшысы Ербол Сәулебеков бастаған ұжым мүшелері қазақтың салт-дәстүрін айшықтай түсу үшін бұл күні теміржолшы формасын ұлттық киімге ауыстырып, мерекеге ерекше дайындықпен келді.

Ұлттық рухты ұлықтаған ұжымдық мерекеде, киіз үйлер тігіліп, Наурыз мейрамының басты тағамы – Наурыз көже тайқазанда әзірленіп, келген қонақтарға ұсынылды. Ұлттық тағамдардың дәмін татқан жандар Наурыздың береке-бірлігін терең сезінді. Теміржолшылардың Наурыз мейрамын жоғары деңгейде ұйымдастыруы олардың тек қызметте ғана емес, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде де белсенді екенін көрсетті. Бөлімше директоры Ербол Тәңірбекұлының айтуынша, Наурыз мерекесі ұлттық ұлығымызды ұғындырып, ел бірлігі мен ынтымағын нығайтуға септігін тигізді. Мерекелік шаралар арқылы теміржолшылар жас ұрпаққа ұлттық салт-дәстүрді насихаттап, халқымыздың рухани мұрасын сақтауға өз үлестерін қосуда.

«Биыл біздің бөлімше теміржолшылары ұлыстың ұлы күнін аса ыждаһаттылықпен атап өтіп жатыр. Наурызнаманың он күндігінің әр күніне арнайы шара ұйымдастырылды. Ол шарада қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері теміржолшылардың сомдауымен көрініс тапты. Теміржолшы  –ел экономикасының ілгерілеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген еңбек адамдары. Олар тек қызметте ғана емес, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде де белсенді екендігін Наурыз мерекесін жоғары деңгейде ұйымдастыруымен көрсетті. Теміржолшылардың татулығы – табысты еңбек кепіліне айналады. Сыр бойы теміржолшыларының бұл ынтымағы көпшілікке үлгі. Осындай мерекелер арқылы теміржолшылар жас ұрпаққа ұлттық дәстүр мен рухани мұраны насихаттап, елдің бірлігін арттыруға үлес қоса бермек. Наурыз мерекесі ұлтымыздың ұлылығын санаға ұғыммен жеткізіп, дәлелдеп тәрбиелейтін даналық мектебі секілді. Осы ұлылық мектебінің тағылымы баршамызға үлгі», - дейді бөлімше директоры Ербол Тәңірбекұлы.

Теміржолшы ардагерлер Сисен Шермаханов, Ғалымжан Исағалиұлы, Марат Оспанов бастаған сала ардагерлері мерекелік шараға арнайы шақырылып, бөлімше ұжымы оларға ерекше құрмет көрсетті. Ақсақалдар теміржолшыларға ақ батасын беріп, кәсіптеріне өркендеу тіледі.

Ұжымдық ұйымшылдық пен достықты нығайтуға себеп болатын, ойды сергітіп, денені шынықтырып, шапшаңдық пен ептілікке баулитын ұлттық ойындар қазақтың қазынасы саналатындықтан наурыз тойы көңілді думансыз, ойын-сауықсыз өтпек емес. Бауыржан Ахметов бастаған "Қазкөліккәсіп" ҚБ Қызылорда филиалы мен бөлімшенің спорт секторы Бақытжан Имбергенов бұл бағытта арнайы сайыстар ұйымдастырып, көпшіліктің қызығушылығын оятты. Теміржолшылар қараша үйінің алдында арқан тарту, қол күресі, гір тасын көтеру секілді ұлттық ойындар мереке көркін аша түскендей. Сауық-сайран нәтижесі арқан тарту сайысында 1-орынды Қызылорда электрмен жабдықтау дистанциясының "ЭЧ" командасы, 2-орынды Қызылорда магистральдық желі бөлімшесінің "НЖС" командасы, 3-орынды Қызылорда теміржол вокзалының "Вокзал" құрамасы иеленді.

«Теміржолшының білек күшімен бірге болмысы да сыналатын гір тасын көтеру бәсекесінде А.Шәкірбек (НЖС-10) жеңіске жетсе, Б.Мамбеталиев (ТЧЭ-34) пен Б.Рауан (НЖС-10) жүлделі орындарға ие болды. Қол күресі сайысында А.Шәкірбек бірінші орынды еншілесе, Асылхан Төлепберген (НЖС-10) мен Мұхтар Дәулет (НЖС-10) жүлделі орындарды өзара бөлісті. Бұл тек спорттық бәсеке ғана емес, теміржолшылар арасындағы ұйымшылдық пен достықты нығайтуға негізделген жарыс», - дейді спорт секторы Бақытжан Имбергенов.

Наурыз мерекесінде тігілген әрбір қараша үй өзіндік атауға ие болып, теміржолшылардың отауы «Керуен сарай» деп аталды. Бұл – теміржолдың ежелгі керуен жолдарының жалғасы екенін бейнелейді. Бұрынғы заманда керуен сарайлар жолаушылар мен саудагерлер үшін тынығу орны болса, бүгінде теміржол бекеттері сол міндетті атқарады. Теміржолшылардың еңбегі – адамдар мен тауарлардың үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ететін маңызды сала. Сондықтан «Керуен сарай» атауы олардың кәсібіне деген құрметті білдіреді. Керуен сарайларда қызмет жасаған бабалары секілді бөлімше теміржолшылары да келген-кеткен жолаушылардың еш қайсысын ас-сусыз кері қайтармады. Жолаушылардың түгелі жеті түрлі дән мен дәнектен дайындалған наурыз көже, ақ бауырсақтан дәм ауыз тиіп құрмет көрсетілсе, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған өнерпаздар мен бөлімше спортшыларға кәсіподақ ұйымы төрайымы Салтанат Махмутова бағалы сыйлықтар табыс етті.

Наурыздағы мерекелік шара арқылы теміржолшылар ұлттың ұлылығын ұғындырып, ұлттық дәстүрлерді жаңғыртуға ұмтылды. Теміржолшылардың татулығы мен ынтымағы – ел экономикасының дамуына және қоғамдағы тұрақтылыққа үлес қосып жатқан маңызды фактор. Наурыз мерекесі теміржолшыларға бірліктің, татулықтың және мәдени құндылықтарды сақтау мен таратуға ұмтылудың мәнін терең ұғындыруда.

Наурыз мейрамы тек мәдениет пен ойын-сауық ғана емес, ол ұлттық рухты көтеріп, біздің болмысымызды айқындайтын ерекше уақыт. Ұлыстың ұлы күнінің тағылымы баршамыз үшін үлкен сабақ болары сөзсіз.

 

Жолаушылар тасымалы
30.03.2026
«Астана – Талдықорған» бағытында тікелей пойыз қатынасы іске қосылады
Жаңалықтар
30.03.2026
Jibek Joly туристік пойызы кезекті халықаралық сапарын аяқтады
Цифрландыру
30.03.2026
Астана-Семей пойызына Starlink интернеті қосылды
Жаңалықтар
27.03.2026
ҚТЖ Бішкектегі ШЫҰ темір жолы басшыларының VI кездесуінде
ҚТЖ келбеті
27.03.2026
Темірден түйін түйген
Әлеумет
27.03.2026
Салт-дәстүр төрге озған күн
Жаңалықтар
27.03.2026
Дирекциядағы думан
Аймақтар
27.03.2026
Ұлық мереке көркі – ұлттық ойындар
Аймақтар
27.03.2026
Маңғаз Маңғыстауда
Аймақтар
27.03.2026
Атырау теміржолшылары Ұлыстың ұлы күнін атап өтті
Аймақтар
27.03.2026
Сәні мен салтанаты жарасқан
Аймақтар
27.03.2026
Түрксіб саябағындағы серуен
Аймақтар
27.03.2026
Теміржолшылар ауылында
Аймақтар
27.03.2026
Индираның наурыз көжесі
Жаңалықтар / Мұрағат
27.03.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №22-23 27 наурыз 2026 жыл
Аймақтар
26.03.2026
Донор бол – өмір сыйла!
Аймақтар
26.03.2026
Наурыз айы туғанда...
Жүк тасымалы
26.03.2026
Қазақстан ұны Америка нарығына жол тартты
Аймақтар
26.03.2026
Асығы алшысынан түсті...
26.03.2026
ҚТЖ-дағы тіл саясаты: Теміржолшылардың тәжірибесі жоғары бағаланды