Жамбыл қалпына келтіру пойызы жаңа техникамен толықты

Аймақтар
16.03.2026, 11:39
Ардақ Үсейінова

"Қазақстан теміржолшысы" газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі

Жамбыл қалпына келтіру пойызының техникалық құрамы биыл «CHETRA» Т-35 бульдозерімен толықты. Су жаңа бульдозердің техникалық мүмкіндіктерін сынақтан өткізіп те үлгерді. «Жақсыны көрмек үшін» демекші, қуатты техниканы көзбен көріп, қолмен ұстап, артықшылықтарымен танысу үшін базаға жол тарттық.    

Жамбыл қалпына келтіру пойызының базасы Тараз станциясында орналасқан. Құрылым  шығысында – «Луговой рельс зауыты» кәсіпорнына дейінгі, батысында –  Жаңатас, оңтүстік-батысында Түлкібасқа дейінгі аймаққа қызмет көрсетеді.

Теміржол учаскелеріндегі төтенше жағдайларды, апаттарды жою және пойыздардың рельстен шығып кету оқиғаларында жедел көмекке жететін қалпына келтіру пойызының базасына қашан келсеңіз де, барлық техникалық құрам ашық вагондарға тиеліп, сақадай-сай дайын тұрады. Бүгін тек техникалар ғана емес, кезекті ауысымға түскен мамандардың даярлығы пысықталып, күнделікті техникалық-нұсқау сабағы өткізіліп жатыр екен. Қырық жылдық тәжірибесі бар гидропневматика шебері Сембек Кәрімбаев пен ХЕШ, крандар мен машиналарға жауапты шебер Ернар Айдарбеков кран, бульдозер жүргізушілері мен көмекшілеріне, дәнекерлеушілер мен жүк ілдірушілерге апатты жағдай кезінде нұсқауға сай орындалатын нормативтердің уақыты мен ереже-талаптарды тағы қайталауда.    

Жамбыл қалпына келтіру пойызының бастығы Махат Байдалиев техникалық сағатты өткізудің қажеттілігін түсіндіріп берді: «Шақырту түскен кезде құрам базаға 20 минутта жиналып, 40 минуттың ішінде қалпына келтіру пойызы толық жасақталып, станциядан жолға шығып кетуі тиіс. Талап сондай. Кездейсоқ апаттан сақтасын, дегенмен, мұндай жағдайда біз оқиға орнына тез жетіп, шойын жолды жедел ашуымыз керек. Мұндай жағдайда бірінші кезекте, әрине төтенше жағдайлар қызметінің құрамы секілді физикалық дайындық қажет. Сонымен қатар әрбір маман арнайы бекітілген нормативтер мен нұсқаулықтарды білуі аса маңызды. Онда электровоздар мен тепловоздарды, вагондарды қанша уақытта көтеріп, жолды ашу керектігі көрсетілген. Мысалы, вагондардан бульдозер, трактор, крандарымызды 20 минутта түсіріп, қайта 22 минутта тиеп үлгеруіміз керек. Апта сайын өткізетін сабақта осы ереже-талаптарды еске салып, сынақ аламыз».

Махат Аярбекұлы біз үшін қалпына келтіру пойызы базасына экскурсия жасап, жұмыс процесі қалай жүретінін кезекші отыратын бөлмеден бастап көрсетіп, түсіндіріп берді. Айталық, шақырту түскенде кезекші нұсқауға сәйкес басшыдан бастап, негізгі құрамға кезекпен хабарлап шығады екен. Ал екінші желі арқылы техникалық құрамның дайындығын пысықтайды.  

Кезекші бөлмесінде жайлы жұмысқа жағдай жасалған, қысқатолқынды пеш, телевизор, телефон, байланыс жүйесі – бәрі қамтамасыз етілген. Кеңседе жұмысшыларға арналған демалыс аймағы да бар екен. Онда құрам бір мезгіл үстел теннисі, шахмат ойнап ой сергіте алады. Тағы бір бөлме су киімдерді кептіріп, жұмыстан кейін жуынатын душы бар санитарлық торап ретінде жабықталған.  

Бұдан соң ашық вагондарға тиелген техникалармен таныстық. Қалпына келтіру пойызына 2002 жылы жұмысқа қабылданғаннан бастап, 10 жыл шебер, үш жыл бастықтың орынбасары, 2014 жылдан бері басшылық қызметті атқарып келе жатқан Махат Байдалиев қай техниканың қуаты қанша, кран, бульдозермен қалай жұмыс істейтінін тәптіштеп түсіндірді.    

– Қалпына келтіру пойызының жабық вагоны – құрамның тамақтанатын, киім ауыстыратын жатын орны. Шақырту түскенде алдымен осы вагон тіркеледі. Техникалық базамызда 100 тоннаға дейінгі электровоздарды көтере алатын 125 тонналық немістің ЕДК-1000/2 және 60 тоннадан басталатын вагондарды, тепловоздарды көтеретін екі кран, екі трактор, үш машина бар. Әр кранда екі машинист, олардың екі-екіден көмекшісі болады. Жалпы дәнекерлеушілеріміз, машина және бульдозер жүргізушілері, жүк ілдірушілер, жолсеріктерімізді қосқанда 29 адам жұмыс істейді.

ЕДК-1000/2  кранының екі жебесі екі жаққа қарап тұрады. Апат болған жерге барғанда рельстен шығып немесе аударылған вагонға қай жебені бұрып жұмыс істеген ыңғайлы, соны іске қосамыз. Біз барғанша электрмен жабдықтау дистанциясының мамандары бағандардағы тоқты залалсыздандырып, ашып қояды. Бірақ бұл жұмыс ұзақ уақыт алатындықтан, немістің ХЕШ құрылғысын қолданып, крансыз көтеруге тырысамыз. Апат кезінде жолды аршуға бульдозерлерді қолданамыз. Биыл жаңа жылда алған CHETRA-ның қуаты жоғары. Техникалық артықшылықтары да көп, – деді Махат Аярбекұлы.

– «CHETRA» Т-35 бульдозерін 10 жылдан бері машинист болып жұмыс істеп келе жатқан Асылбек Сәрсембаев тізгіндепті. Айтуынша, жаңа техниканың мүмкіндіктері көп. «Жүктеме кезінде жылдамдықты тез ауыстыра аламыз. Алға-артқа жүруге арналған үш жылдамдық режимі бар. Қуаттылығы жоғары. Кабинада машинистке қолайлы жағдай қамтамасыз етілген. Кондиционер, кішігірім мұздатқышы бар, сондай жайлы, – деп түсіндірді машинист.

Екінші бульдозердің машинисі Серік Қарабеков, кран жүргізушісі Асхат Сәрсембаев өздері тізгіндеген техникалардың қандай қызмет атқаратынын, ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін айтып берді.

Тәртіп пен үлкен жауапкершілікті, әскери дайындықты талап ететін қалпына келтіру пойызының құрамы әр үш ай сайын үлкен оқу-жаттығу жиынында сынақ тапсырып тұрады. Ай сайын базада өтетін техникалық жаттығу тағы бар. Шақырту кезінде де, жаттығулар уақытында да әрбірі қауіпсіздік талаптарын сақтауы тиіс.  

Бірінші кезекте – еңбек қауіпсіздігі. Өндірістік және электр қауіпсіздігін сақтаудағы нұсқаулар да бұлжытпай орындалуы тиіс. Олар естен шықпауы үшін осы үш бағытта мамандар әр жыл сайын Тараз көліктегі оқу орталығында үш күндік оқуға жіберіледі. Оқып қана қоймай, сынақ тапсырып, арнайы куәлік алмайынша, өндіріске оралуға жол жоқ.

 

Жаңалықтар
09.04.2026
«Жасыл желекті кеңсе» экологиялық акциясы басталды
Спорт
09.04.2026
Жеңіс тұғырында – локомотившілер
Әлемде
09.04.2026
Talgo рекордтық тапсырысқа қол жеткізді
Жаңалықтар
09.04.2026
Пойызда тәртіп бұзған жолаушылар әкімшілік қамауға алынды
Жаңалықтар
09.04.2026
ҚТЖ паркі заманауи локомотивтермен толықты
Әлемде
09.04.2026
Жапонияда панорамалық терезелері бар пойыз-мейрамхана пайда болады
Инфрақұрылым
09.04.2026
Биыл Зубовск кентіндегі теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталады
Жаңалықтар
09.04.2026
ҚТЖ экологиялық міндеттемелері аясында Алматы облысында 100 мыңнан астам ағаш отырғызады
Әлемде
08.04.2026
Жапонияда 30 жыл ішінде 1300 шақырымнан астам теміржол жабылған
Инфрақұрылым
08.04.2026
Қазақстанда теміржол вокзалдарын жаңғырту бағдарламасы жалғасуда
Жаңалықтар
08.04.2026
Темір жолға тартылған қаражат неге керек – сарапшы түсіндірмесі
Жолаушылар тасымалы
08.04.2026
ҚТЖ-ның әйелдерге арналған вагондарымен 856 мыңға жуық жолаушы сапарлады
Жаңалықтар
08.04.2026
Отандық теміржол өнімдері еуропалық стандартқа сай сертификатталуда
Жүк тасымалы
08.04.2026
Үш айда Өзбекстаннан Қытайға 76 контейнерлік пойыз жөнелтілді
Спорт
08.04.2026
Ғасырлық тойға – спорттық тарту
Жаңалықтар
08.04.2026
Қазақстан мен Грузия: Стратегиялық серіктестік пен «Орта дәліздің» болашағы
Жаңалықтар
07.04.2026
Қазақстан мен Грузия көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады
Жолаушылар тасымалы
07.04.2026
Астана – Омбы халықаралық бағытында RWS Wagon компаниясының жаңа 45-үлгідегі жолаушылар вагондары қатынай бастады
Жүк тасымалы / Инфографика
07.04.2026
Теміржол көлігімен жүк тасымалы көрсеткіші тұрақты өсімді көрсетуде
Әлемде
07.04.2026
Польшада көпфункционалды Combo вагондары қолданысқа берілді