Көктемгі байқау кемшіліктерді анықтады
Атырау облысы бойынша меншікті тілші
Атырау өңірінде көктемгі тексерісті қорытындылаған жиын өтіп, оның барысында станциялардың техникалық жағдайы, жолдың үстіңгі қабаты, магистральдық инфрақұрылым мен жасанды құрылғылардың, су мен жылу нысандарының жағдайы сараланып, өрт қауіпсіздігін сақтау ережелері, орталықтың бұйрықтары мен басқа да нұсқаулықтарын орындау тәртібі қаралды.
Қозғалыс қауіпсіздігі, еңбек қорғау және қауіпсіздік техникасы, техникалық құралдардың жағдайы, ғимараттардың абаттандырылуы, жұмысшылардың тәртібі қанағаттанарлық. Дегенмен, Атырау магистральдық желі бөлімшесі бастығының бірінші орынбасары Аманқос Жылқышиевтің баяндағанындай, кемшіліктерге де жол берілген. Атырау бөлiмшесi бойынша барлығы 1022 кемшiлiк анықталып, 58 тыйым салу шаралары белгiленген. Соның iшiнде 10 жолды жабу шарасы, 48 жерде жылдамдықты шектеу немесе кайта орындау шарасы қолданылған. Teкcepic кезiнде байқалғандай, қай салада да бірқатар кемшiлiктер жiберілген.
Оның айтуынша, соңғы үш жылда аймақта жол шаруашылығы бойынша 159 шақырым жолға күрделi жөндеу, 45 шақырым жолға орташа күшейтілген жөндеу жүргізіліп, 80-ге жуық жаңа, 60-қа тарта ескі бағыттамалы бұрмалар ауыстырылыпты. Соған қарамастан Атырау, Махамбет, Тендік, рзд. Таскескен, Қарабатан, Ескене, Доссор, Мақат дөңесалды жолы, рзд. 472, Құлсары станцияларында жол дистанциясы тарапынан кемшiлiктер азаймай отыр. Себебi Атырау және Құлсары жол дистанциясы мамандары күнделiктi жолдың жағдайын бақылауды, оны күтiп-ұстауды өз деңгейінде жүргiзбейдi, тек жаңа қондырғыларды ауыстырумен шектелуге бейiмделген. Сол секілді жанама жолдарға да назар аударылмайды. Жол мамандарының білім деңгейі жетілдіруді қажет етеді. Басшының пікірінше, жол шаруашылығы бойынша кеткен кемшiлiктiң 90 %-ы мекеме басшылары мен ортаңғы буын басшыларының өзiне жүктелген мiндеттердi талапқа сай орындамағандықтан, сондай-ақ жүйелi жоспардың болмау салдарынан жiберiлген. Жол дистанциялары басшыларына 1 ай мерзім ішінде аталған кемшіліктерді түзеуге тапсырма берілді.
Белгі беру және байланыс дистанцияларында да кемшіліктер бар. СОБ құрылғыларында негiзгi ауытқулар технологиялық процесс кестесiнiң сапасыз орындaлуынан орын алған. Бірқатар станциялар бойынша станциялық рельс тiзбектерiн, бағыттамалы электр жетектерiн, аккумулятор шаруашылығын тексеру сапасыз жүргiзiледі. Барлық арақашықтықтарда техникалық құжаттаманы жүргiзу, оның iшiнде ДУ46, ШУ-2 журналдарындағы жазбаларды ресiмдеу, құрылғыларды тексеру карточкаларын толтыру бойынша ескертулер бар. Қызметкерлердің бiлiм деңгейiнiң төмендiгi де байқалады, ал бұл технологиялық процесс кестесін орындау сапасына әсер етедi. Атырау электрмен жабдықтау дистанциясы бойынша да тыйым салу шаралары қолданылып, еңбек және қауіпсіздік техникасы тұрғысынан ескертулер жасалды. Жалпы, Атырау магистральдық желі бөлімшесі бойынша әртүрлі деңгейдегі 13 басшы тәртіптік жазаға тартылып, кеткен кемшіліктерді белгіленген мерзімде орындаулары міндеттелді.
Жиын барысында бас ревизордың орынбасары Сұңғат Тукеев те өз саласы бойынша кемшіліктерге тоқталды. Жол шаруашылығы бойынша Атырау – Құлсары учаскесінде Махамбет, Атырау, Теңдік, Ескене, Құлсары станцияларында бағыттамалы бұрмаларды күтіп ұстау деңгейі нашар, мұнда барлығы 715 тыйым салу шарасы қолданылған. Кемшіліктің алдын алу және болдырмау шаралары жеткілікті қарастырылмайды, дистанцияның жоғары және орта буын басшылары, жол шеберлері тарапынан тексерулер, жолды тігінен және көлденеңнен өлшеу дұрыс жүргізілмейді, анықталған кемшіліктер дер кезінде түзетілмейді, мамандардың білім деңгейі төмен, кәсіби біліктілік жетіспейді. Ол әрине техникалық сабақтардың сапасыз жүргізілуінің куәсі дейді ревизор. Жолдарда шіріген шпалдар да кездеседі.
Локомотив деполарындағы негізгі кемшілік – еңбек және демалыс режимі жүйелі түрде бұзылады, деподағы технологиялық тәртіп те босаң. Тежегішті басқарудың бұзылу себебі талқыланбайды, жанармайды шамадан тыс жұмсаудың алдын алу шарасы алынбаған, цехтардың жұмысы жеткілікті түрде тексерілмейді. Кейбір машинистер демалмастан жұмыс істеген, ол өте үлкен тәртіп бұзушылық. Машинистер бригадасының біртұтас болуы, ажырамай үнемі бір құрамда болуы жиі бұзылады. Ал ол – қауіпсіздіктің басты талаптарының бірі. Қосалқы бөлшектер де жетіспей қалады. Машинистердің сөйлесу регламенті мен КЛУБ-У, БОРТ сапасын ажырату немқұрайлы жүргізіледі. Нұсқаушылар сабақ жоспарын толыққанды орындамайды, кейбір сабақтарда 10 тақырып қатарынан өтеді, бұл – материалды ұғынуға қиындық туғызатын құбылыс.
Вагон қараушылар тарапынан вагонды қарау кезінде қозғалыс қауіпсіздігіне әсер ететін кемшіліктер анықталмай жатады. Мәселен, тексеріс барысында 13 жүк пойызының 70 вагонынан ақау табылған, 12 вагон пайдаланудан шеттетіліп, 7 вагон қайта жөндеуге жіберілген. Соған сәйкес станцияларда вагондарды қайта бақылау-тексеру кезінде аса мұқият болуы қажеттігі қаперге берілді. Сондықтан өндірістік-техникалық қызмет көрсетудің сапасын арттырып, вагонқараушылардың жұмысына бақылау жүргізу қажет. Депода басшылық тарапынан өндірістік тәртіп пен бақылау да төмен жағдайда екені байқалады. Ревизордың айтуынша, вагон жөндеуші «Ақжайық-7» ЖШС-де вагон жөндеудің технологиялық талаптарын бұзу жүйелі түрде орын алады. Жоспарлы жөндеу жұмыстары жүк вагондарын жөндеу барысында төмен деңгейде жүзеге асырылады.
Өңірде «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Батыс» филиалының Атырау теліміне қарасты қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуші, жолаушы вагондарын жөндейтін «Вагонсервис» АҚ-ның жұмысы да жеткілікті деңгейде емес екен. ЛВРЗУ-2, ЛВЧР-2 басшылығы тарапынан қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жеке нормативтерді орындауы толық көлемде емес, техникалық сабақтар деңгейі төмен. Мекемеде вагон жөндеуге қажетті қосалқы бөлшектер жетіспеушілігі анықталған. Ол жауапты мамандардың вагон жөндеу бағытындағы талаптарды және вагон жөндеушілердің жауапкершілігін күшейтуді қажет етеді.
Өрт сөндіру және қалпына келтіру пойыздары бойынша техникалық сабақтардың сапалы өтуіне бақылауды арттыру қажет. Су шашу, өрт сөндіру, басқа да техникалық құрылғылардың сапасын үнемі тексеріп, ескіргенін жаңартып отыру қаперге берілді. Аталған пойыздарда кейде тіпті жанармай болмай қалады екен. Ондайда апатты жағдайда оқиға орнына шұғыл түрде қалай жетпек деген заңды сұрақ туындайды.
Жиынды қорытындылаған Атырау магистральдық желі бөлімшесінің бастығы Аралбай Қосымбаев орын алған кемшіліктің дені адам факторынан болып отырғанын атап өтті. Аталған жайттар саралана келе, бөлімше басшылығымен аталған кемшіліктерді жою, көктемгі тексеріс комиссиясы анықтаған олқылықтарды түзетіп, қалпына келтіру жөнінде шешім қабылданды.